Ата-аналардың мектеп оқулықтары үшін наразылықтары басылып үлгерместен, сүйікті балалары мектептен тағы бір «қуанышты» хабар әкелді: үзілістер ұзарады екен, демек, балалар үйге кештеу қайтады деген сөз.
– Көптеген отбасында түрлі ауысымда оқитын бірнеше баладан бар. Қазір таңертеңгі сабақтар 8.30-да басталады, ал көп кешікпей бірінші сабаққа қоңырау таңертеңгі 8-де соғылмақ. Екінші ауысымда оқитын балалар мектептен кешкі сағат 7-ден кейін келетін болады. Әсіресе, бізге қысқы уақытта қиын болайын деп тұр. Сонда балалар мектепке қараңғыда барып, қараңғыда келетін болғаны ғой, - дейді ата-аналар.
Қала мектептерінің бірқатарына қоңырау шалып, мектеп басшылықтарының да абыржып қалғанын түсіндік. 2013 жылдың 17 мамырында ҚР үкіметінің №499 «Тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын, оның ішінде балаларға арналған қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» қаулысы шықты. 25-тармақта білім беру ұйымдарындағы сабақ кестесі білім алушылар мен тәрбиеленушілердің тамақтануы мен белсенді демалуы үшін ұзақтығы жеткілікті үзілістерді көздейді; Жалпы білім беретін ұйымдардың барлық түрлерінің оқушылары үшін сабақтар арасындағы үзілістер ұзақтығы кемінде 10 минутты, үлкен үзіліс (2 немесе 3 сабақтан кейінгі) кемінде 30 минутты құрайды: бір үлкен үзілістің орнына 2 және 3 сабақтан соң әрқайсысы 20 минуттан екі рет үзіліс жасауға жол беріледі, деп айтылған.
– Қалалық СЭС мектептерден осы қаулының орындалуын талап етіп отыр. Бірақ біз оқу ісінің меңгерушісі екеуміз оны қалай жүзеге асыруды әзірге ойластырудамыз. Бәлкім, бірінші ауысымдағы оқушылардың сабақтарының басталу уақытын жарты сағатқа көтеруге тура келетін шығар. Осылайша, біз 2-ші және 3-ші сабақтардан кейінгі үзілістерге қосу үшін 30 минут ұтамыз. Бірақ екінші ауысымдағы оқушылар қалай болмақ? Әзірге кесімді шешім қабылдаған жоқпыз, - дейді №3 мектеп директоры Жанар СӘРСЕНҒАЛИЕВА.
– Үлкен үзілісті 30 минут қыла алмаймыз, екі үзілісті 20 минуттан жасаймыз. Осы уақыттарда дене шынықтыру және түрлі тренингтер өткізілетін болады. Бірінші ауысымға таңертеңгі 8-ден бастап оқуға тура келеді. Ал екінші ауысымның сабағын көтеру мүмкін емес, мектепке ауысымға ауысу үшін үзіліс қажет, тазалау жұмыстарын жасау керек, - дейді №27 мектеп директоры Ару ҚОСЫМБАЕВА.
–Олай болса, екінші ауысымның оқушылары 6-сабақтан нешеде шығады?
– Сағат 19.40-та. Екінші ауысымда, әдетте, 2-4 және 5-9 сыныптың балалары оқиды. Алты сабақ тек жоғарғы сынып оқушыларында болады, онда да күн сайын емес. Жаңа кесте дүйсенбіден бастап енгізілетін шығар.
Өкінішке орай, біз қалалық білім беру бөлімінің бастығы Алпамыс ҒИЛЫМОВҚА хабарласа алмадық. Алайда оның қарамағындағылардың әрекеті түсінікті: үкімет қаулысы бар және оны орындау керек. Сондықтан енді балаларымыз біз жұмыстан келгеннен кейін мектептен келетін болады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА