
Жылыой ауданы Ақкиізтоғай ауылындағы су жаңа әкімшілік үйі сегіз жылға жетпей сүрілуге жатқызылды. Өйткені ғимарат жарамсыз деп танылған.
2017 жылы 340 шаршы метр болатын әкімият ғимаратының құрылысына 86,5 млн теңге бюджет қаржысы жұмсалған болатын. Қызметкерлердің айтуынша бастапқыда жаңа ғимарат қуаныш сыйлағанымен жыл өте қорқынышты орынға айналған. Су жаңа ғимараттың қабырғалары мен төбеге сызат түсіп, тіпті іргетасының бір жақ бөлігі төмен түсіп кеткен.
Осы дабылдан кейін 2022 жылы тапсырысшы аудандық құрылыс, сәулет және қалақұрылысы бөлімі осы ғимаратты салушы "INTEGRATED CONSTRUCTION GROUP" ЖШС өз қаржысымен қалыпқа келтіретіні жөнінде мәлімдеген еді. Алайда жөндегендей болғанымен, сапасыз салынғандықтан күннен-күнге ғимарат қабырғасының жарығы ұлғайып, төбеге дейін жетіп ырсиып кетті. Тіпті сыртқы бөлігінің іргетасы мен қабырғасы қақ айрылып кеткен. Еден төмен түсіп, бір жақ бөлігі қисайып тұр. Ал тыстағы төсемтастар да шашылып қалған. «Жасыратын несі бар, енді оның зардабын көріп отырмыз, қыста ғимарат іші өте салқын. Жөндеуге келмей тұр»,-дейді қызметкерлер.
Өткен жылы әкімшілік ғимаратына "АлашҚұрылысБатыс"ЖШС-і техникалық сараптама жұмыстарын жүргізген еді. Нәтижесінде ғимарат техникалық жарамсыз деп танылды.
Аудан әкімінің орынбасары Аманжол АЙДАШЕВ жаңа ғимарат салу үшін жобалау сметалық құжаты жасақталып жатқанын хабарлады.
Яғни, ескі әкімдік болмағандай, жаңа әкімдік салынады.
Айта кету керек, осы аудандағы Шоқпартоғай ауылындағы "Теңізшеройл" ЖШС-нің Игілік бағдарламасы негізінде 605 млн теңгеге салынған 160 орындық "Балдәурен" балабақшасы ресми түрде апатты деп танылды. Ал осы жылдың 8 қыркүйегінде Құлсары қаласындағы 1200 орындық келешек мектебінің құрылысы бітпей жатып, спортзалының шатыры құлаған болатын.
Жылыойдағы жаңа ғимараттар он жылдан аз қызмет етеді, есесіне мердігерлер мен шенеуніктер жүздеген миллиондарды «игеріп» үлгереді.
Жылыой ауданында салынып жатқан жаңа ғимараттар көбіне он жылдан аз өмір сүреді. Алайда мердігерлер мен шенеуніктер осы уақытта жүздеген миллион теңгені «игеріп» үлгереді.
Анықтама: Kompra.kz мәліметіне сәйкес, «INTEGRATED CONSTRUCTION GROUP» ЖШС бір адамға – Төлеген Қалыға тиесілі және оның басқаруында. Компания Жылыой ауданында тіркелген.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор
В Атырау +2 





