Атырау, 8 шілде 16:49
 ашықВ Атырау +27
$ 519.51
€ 611.83
₽ 6.60

Желге ұшқан 605 миллион: Шоқпартойдағы жаңа балабақша бұзылады

712 рет қаралды

Шоқпартогай ауылында 605 миллион теңгеге салынған балабақша бұзылатын болды. Ғимарат пайдалануға берілген соң көп ұзамай отырып, қабырғалары жарыла бастаған. Қазір үш жылдан бері қаңырап бос тұр. Қираудың нақты себебі ресми айтылмаған, жауапты тұлғалар да анықталған жоқ. Ал құрылысты қаржыландырған «Теңізшевройл» ЖШС бөлген қаражат толық игерілген.

160 орындық «Балдәурен» балабақшасы 2016 жылы "Теңізшевройл" ЖШС-інің "Игілік" бағдарламасымен пайдалануға берілген болатын. Алайда жыл өтпей жатып ғимараттың қабырғасы қақ айрылып, күйі кете бастаған. Мердігер "АтырауРемСтройМонтаж"ЖШС қанша жөндеу жүргізгенімен іргетасы отырып, ресми түрде ғимарат апатты деп танылды. Сөйтіп 2022 жылы екі қабатты, замануи үлгіде салынған балабақша өз жұмысын тоқтатты. 

Алайда не себептен осы күйге жеткені жөнінде ресми мәлімет берілген жоқ, бірі жері дұрыс таңдалмаған десе, енді екіншісі "свай" қағылмағандықтан деп шықты. 

- Үш жыл болды ғой балабақша жұмысын тоқтатқанына. 20 шақты бала Құлсары қаласындағы балабақшаға орналастырылды, Шоқпартоғайдағы мектептен 3-4 жастағылар үшін 82 балаға арнап, шағын топтар ашылды. Кейбіреулер үйде. Бірақ балабақшаға сұраныс күшейіп тұр. Тұрғындар балабақшаны талап етуде,-дейді аудандық білім бөлімі басшысының м.а. Гүлжансара ТАҢАТАРОВА. 

Аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис АЙШУАҚОВАНЫҢ мәлімдеуінше 605 млн теңгеге салынған  балабақша аудандық білім бөлімінің балансысында екен. Техникалық зерттеу қорытындысына сәйкес балабақша бұзылатын болып шешілген. 

Жуырда осы ауылдан "Теңізшевройл" ЖШС-нің демеушілігімен 280 орындық балабақша құрылысы қолға алынған. Келесі жылы балабақша ғимараты ел игілігіне берілмекші.

Ал 605 млн теңгеге салынған бұрынғы балабақша қаржысы желге ұшып кетті. Енді жаңадан салынып жатқан балабақша ұзаққа шыдайды деген үміт бар.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

18 маусым, 18:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.