Атырау, 11 желтоқсан 02:31
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

Спорт жаңалықтары

2 914 просмотра

Шешенстандағы сәтсіздік

Грозныйда өткен Ахмад Қадыровты еске алуға арналған 5-ші халықаралық турнирге қатысқан бокстан облысқұрама командасы бір ғана күмісмедальмен оралды.

Беделді турнирге қатысар алдында біздің командамыз Шешенстан астанасында Ресей және Қырғыз елі құрамаларымен біріккен оқу-жаттығу жиынын өткізді. Жарысқа барлығы 12 елден мықты командалар қатысты.

Турнирге қатысушылардың төрешілерге наразылықтары аз болмады. Бокстан облыс құрамасының техникалық бапкері, Азияның бірнеше дүркін чемпионыҚанат Орақбаевтың айтуынша, төрешілердің әділетсіздігінен атыраулық боксерлер Ержан Ордабаев (56 келіге дейін) пен Азамат Досмағамбетов (64 келіге дейін) жүлделерден құр қалды, олар шешуші айқастарында ринг қожайындары - Әлихан Авторханов пен Радмир Абдурахмановтармен кездескен еді.

Жеңіл салмақтағы (49 келіге дейін) Рашид Салауатов (суретте) финалға дейін оңай жетіп, ақтық сында Ресей чемпионы Василий Егоровтан ұтылып қалды. Турнирді ұйымдастырушылар тарапынан оған 2 мың доллар сыйлық берілді.

59 келіге дейін салмақта атыраулық Жасұлан Молдашев ақтаулық Қанат Көптілеуовтен ұтылып қалды. Ал жеңімпаз жарыс қорытындысында «алтын» медальға және 10 мың долларға ие болды. А. Досмағамбетовтің салмағында Вагит Әлібеков өнер көрсеткен еді, алайда ол қырғызстандық Азия чемпионы Ермек Сәкеновтен жеңілді. Ал 81 келіге дейінгі салмақта Тоқтар Оспан Грузия чемпионы Ромаз Доашвилиден ұтылды.

 

***

«Алтынсарин» Алматыға барады

Облыстық футбол федерациясы Атырау қалалық мини-футбол лигасы (МФЛ) чемпионатының топтық кезеңі қорытындыларын шығарды.

Финалға «Өмірзақ» (Құлсары қ.), «Isker», «Аламан-Цеснабанк», «Кейкi-Жұмыскер», «ҚМГ-Өнімдері» және «КеденТрансСервис» командалары шықты.

Жыл соңына дейін Алматыда МФЛ командалары арасында Қазақстанның І чемпионаты өтеді. Атырау намысын өткен жыл чемпионы – «Алтынсарин» командасы қорғайды.

Топтық кезеңнің үздік сұрмергендері: Қайырбек Тәжиев («Өмірзақ») - 29 гол, Батырбек Жүнісов («Алтынсарин») - 21 гол, Наурызбек         Батыров («ҚМГ-Өнімдері») - 20 гол.

***

 

Жеңілістен кейінгі жеңіс

7-8 қыркүйекте облыстық «Бейбарыс» хоккей клубы тұрақты ел чемпионатының алғашқы екі матчын қонақта павлодарлық «Ертіспен» өткізді.

Бірінші кездесу алаң иелерінің басымдығымен өтті. 14-минутта павлодарлықтар бір адам санының артықтығын пайдаланып, Мирослав Залешак гол соқты. Екінші кезеңнің басында «Ертіс» шабуылшысы Мартин Хьюс есепті еселеді. 37-минутта Залешак «Бейбарыс» қақпасына үшінші шайбаны енгізіп, екі минуттан кейін Сильван Дюфресне 4-ші голдың авторы атанды. Тек үшінші кезеңде ғана қонақтар бір гол қарымта соға алды (Витезслав Билек). Қорытынды есеп – 4:1 - «Ертістің» пайдасында.

Екінші матч мүлдем басқаша өтті. Алайда, бірінші кезеңде 2:0 есебімен алаң иелері жеңіп жатты (Мирослав Залешак пен Денис Рехак). Ойынның екінші кезеңінде «Бейбарыс» ұйқыдан тұрғандай, қарқынды да жемісті ойын өрнегін көрсетті. Қонақтар 4 шайба салып (Иржи Елинек, Лукаш Хвила, Алдис Аболиньш, Александр Зубков), алаң иелері бір гол соқты (М. Залешак)

Ал үшінші кезеңде тек мәмлүктер ғана гол салды. 51-минутта Вячеслав Трясунов көзге түсті. Финалдық белгі берілместен 1 минут бұрын «Ертістің» бапкерлер штабы қақпашыны алтыншы алаң ойыншысына ауыстырды, ал бұл Майк Дантонның бос қақпаға гол соғуына мүмкіндік жасады. Есеп 6:3, «Бейбарыстың» сенімді жеңісімен аяқталды.

***

 

Жас каратешілер турнирі

Дене тәрбиесі және спортты дамыту өңірлік орталығының қолдауымен Авангард 4-ші ықшамауданындағы «Жас батыр» СК-нде 1998-1999 ж.т. оқушылар арасында WKF-каратеден облыстық біріншілік өтті.

Жарысқа Атырау қаласынан, сондай-ақ, Мақат, Индер, Исатай және Жылыой аудандарынан барлығы 95 бала қатысты. Жеңімпаздар мыналар: ер балалар - Нұрбол Ниетқалиев (52 келіге дейін), Абылай Құралбаев (53 келіге дейін), Эльдар Бердиев (55 келіге дейін), Бейбарыс Жамбыр (57 келіге дейін), Әділ Ғалиев (61 келіге дейін), Альмир Исатаев (68 келіге дейін), Нұрсұлтан Жүсіпәлі (76 кг), Тимур Досалиев (76 келіден жоғары); қыздар - Злата Гончарова (47 келіге дейін), Әсемгүл Қайырғалиева (57 келіге дейін), Алина Бисенбаева (63 келіге дейін), Айшат Маратқызы (63 келіден жоғары).

 

***

 

Зауыт атлеттері

АМӨЗ құрама командасы «ҚазМұнайГаз» - Өңдеу және маркетинг АҚ компаниялар тобы спартакиадасының 3 дүркін чемпионы атанды.

Алматы маңындағы «Ақбұлақ» сауықтыру кешенінде өткен додаға АМӨЗ командасымен қатар Павлодар мұнай өңдеу зауыты, ҚазМұнайГаз» - Өңдеу және маркетинг АҚ, «ҚазМұнайГаз Өнімдері» АҚ, «ПетроКазахстан Ойл Продактс» және «Тhe Rompetrol Group» ЖШС-тері қатысты. Жарыс бағдарламасында мини-футбол, волейбол, шахмат, кір тасын көтеру, армрестлинг, үстел және үлкен теннис, суға жүзу және арқанға өрмелеу спорт түрлері болды.

- Біз армрестлинг пен суда жүзуден чемпион атандық, бес спорт түрінен 2-орын алдық, сондай-ақ құрамамыздың қоржынына 4 «қола» түсті, - дейді АМӨЗ құрамасының капитаны Максим ОСПАНОВ. – Қарсыластарымызбен ақтық сынға дейін ұпайға-ұпай тең келдік. Тек мини-футболдан алған 3-орнымыз бізді жалпыкомандалық 1-орынға көтерді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суреттерді түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

12 қыркүйек 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.