Атырау, 10 желтоқсан 09:34
 бұлттыВ Атырау -3
$ 510.08
€ 539.61
₽ 5.15

Ленин өсиеті

6 445 просмотра

Біздің газетіміз кәсіпкерлік мүмкіндікті күшейтуге бағытталған «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының төртінші бағыты туралы бірнеше рет жазған еді («ЖС» №36, 5.09.2013 ж., «Білім алу мүмкіндігі»», «АЖ» №9, 28.02.2013 ж., «Біздегілер оқығысы келмейді», «АЖ» №14, 5.04.2012 ж., «Бақуатты бағдарлама», «АЖ» №25, 23.06.2011 ж., «Бизнесмендерге арналған бастауыш мектеп» жарияланымдарын қараңыз). Бірақ «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қорының Атырау филиалындағылар атап өткендей, жергілікті бизнес осы бағыттың артықшылығын пайдалануға асығар емес. Облыстық жұмыс берушілер мен кәсіпкерлер одағының қабырғасында өткен кездесу кезінде осы тақырып қозғалды.

АМЕРИКАДАН КЕЛГЕН ЖАҢА ДОСТАР

«Даму» жергілікті филиалының құзыретін көтеру бағдарламасы жөніндегі менеджері Лаура ӘМІРОВАНЫҢайтуынша, 2011 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін облыста барлығы «Жол картасының» 4-ші бағытының шеңберінде 1,2 мың кәсіпкер (оның ішінде Атырау қаласы бойынша 339 адам) оқыды. Естеріңізге салсақ, бұл бағыт теориялық жәрдемнің төрт түрін қарастырады: жаңа ісін бастаған кәсіпкерлерді қолдау (жобаны іске қосу), бизнес жүргізуді сервистік қолдау, шағын және орта бизнес топ-менеджментін оқыту, «Іскерлік байланыстар» жобасы (бұл туралы толығырақ www.damu.kz сайтынан білуге болады).

Шағын және орта бизнес топ-менеджментін оқыту жөніндегі курстан өткен кәсіпкер Әлібек МҰХИТТЫҢ айтуынша, алынған білімді жүзеге асырғаннан кейін оның мұнай-газ саласына маманданған оқу орталығындағы табыс бөлігі 100 пайызға өскен. Дьюк университетінің бизнес-мектебінен (АҚШ) шақырылған оқытушылар оларға бизнесті жүргізудегі, сауда-саттық, маркетингтегі батыстық стандарттарды оқытты.

«Іскерлік байланыстар» жобасы кәсіпкерлерді екі кезеңмен оқытуды қарастырады. Алдымен Алматыда («Тұран» университеті) немесе Астанада («Тұран-Профи» ХКА» БАИ) шетелдік және отандық бизнес-тренерлердің және кеңесшілердің басшылығымен өткізілетін үш апталық курсқа таңдау жасайды (осы кезеңде жол ақысы мен өмір сүру шығынын кәсіпкердің өзі көтереді). Екінші кезең – Германия мен АҚШ-та профильдік кәсіпорындарда мемлекет есебінен айлық стажировкадан өту.

«Іскерлік байланыстар» жобасына шағын және орта бизнес кәсіпорындарының жоғарғы және орта буын басшылары ғана қатыса алады. Компания қызметі «Даму» қоры белгілеген экономиканың басымды секторына жатуы тиіс.

АҚШ-та білім алу туралы өз әсерімен жас кәсіпкер Асланбек МӘЖИТОВ бөлісті. Оның компаниясы ІТ-технологияларға маманданған. Оның айтуынша, басқа қазақстандық кәсіпкерлермен бірге ол 5 қалаға барған, Лас-Вегастағы жобалар көрмесіне қатысқан. Нәтижесінде оның ауыл шаруашылығы саласында қазақстандық өнімді жасау идеясы пайда болған. Ол мұны қызығушылық танытқан американдық серіктерімен жүзеге асырмақ.

 

ШЕТЕЛДІК ҚАРИЯЛАР КӨМЕККЕ КЕЛЕДІ

Кәсіпкерлер үшін тағы бір қызықты жоба өткен жылы бағдарламаға енгізілген, бірақ әлі іске қосылмаған «Аға сеньор» жобасы. Бұл - Германиядан, АҚШ-тан немесе Канададан жоғары білікті шетелдік маманды бізге шақыру мүмкіндігі. Шара қонағы – Кәсіпкерлікті дамыту комитетінің кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау басқармасының бастығы Мәлика БИЛЯШЕВАНЫҢ (суретте) айтуынша, бүгінде батыстың қоғамдық ұйымдары ұсынған дерекқорлар құрылған. Оған зейнеткерлікке шыққан, экономиканың түрлі саласындағы беделді кеңесшілер енген. Олар, Биляшеваның айтуынша, дамушы елдерге, соның ішінде Қазақстанға қалыптасу кезеңінде бизнес жөнінде кеңес беру үшін тегін шығуға дайын. Ол үшін кәсіпкерге «Даму» жергілікті филиалына шетелдік кеңесшіден өз бизнесі үшін не күтетіндігі нақты жазылған өтінішті ресімдеген жөн. Мұнда кеңесшінің жету орнына дейінгі жолақысын мемлекет, ал тұру және тамақтану шығынын бір айдан үш айға дейін шақырушы тарап қамтамасыз етеді. Биляшеваның айтуынша, оған фермерлік шаруашылығына кеңес берген, Германиядан шақырылған мамандармен серіктес болуға тура келген. Мал төлдейтін маңызды уақытта олар тәулік бойына жұмыс істеді деуге болады.

Қатысушылардың пікірінше, Атырауда мұндай мамандардың көмегі, әсіресе, бізде өте нашар дамыған қызметтер саласында құнды болар еді.

 

ТЕК ЖАРТЫСЫН БЕРДІ

Атырау Жұмыс берушілер мен кәсіпкерлер одағының директоры Нина ТЕМІРБАЕВА соңғы кездері мемлекет тарапынан ұсынылатын тікелей қаржылық қолдау мен жеңілдік несиелері ғана емес, ақпараттық-әдістемелік көмегінің маңызды екенін кәсіпкерлердің түсініп жүргенін атап өтті. Осы жөнінде қолқалап, одаққа адамдар жиі келеді екен. Адамдар Лениннің «оқы, оқы және оқы» деген өсиетінің бизнеске өте қажет екенін түйсінген. Әсіресе, заңдық, бухгалтерлік, маркетинг жөніндегі кеңестер өте қажет. Бұл селодағы кәсіпкерлерге де қатысты. Темірбаеваның айтуынша, Қызылқоға, Мақат және Исатай аудандарындағы бизнесмендер анағұрлым жоғары белсенділік танытады екен. Одақ, сонымен қатар, брокерлік қызметтер, сайт-визиткаларды және бизнес-жоспарларды (егер ірі банктік заем болса) тегін жасақтау қызметтерін көрсетеді.

Бағдарламаның кемшіліктері-нен Темірбаева оның шеңберінде істерін жаңадан бастаған, бизнесті неден бастау керектігін және ЖК-ны қалай ресімдеу керектігін білмейтін кәсіпкерлерге кеңес беру қарастырылмағанын атап өтті. Сонымен қатар, заңды қызметтердің арасында сотқа талап арыз ресімдеуге көмек көрсету қарастырылмаған. Кәсіпкерлердің кейбірі көпшілікке тән өз проблемаларымен бөлісті. Олардың бірі тұйыққа тіреліпті: үлкен құрылыс жобасы үшін аймақтық үйлестіру кеңесі бекіткен 200 млн теңгеден қаржының тапшылығы салдарынан бар болғаны 30 млн теңге бөлінген. Енді банк жеңілдіктегі пайыздық мөлшерлемені жоямыз деп қоқан-лоққы көрсетіп отыр (5% айырмашылықты мемлекет өтейді).

Нәтижесінде құрылыс тоқтап қалды, ал банктегілер, «Дамумен» жасалған келісімшартқа сілтеп, пайыздар төлемін кейінге қалдырудан бас тартып отыр. Мен тұйыққа тірелдім. Егер бұлай боларын білгенде, мемлекеттік бағдарламамен мүлдем байланыспай, жеке тәртіппен банктен несие алар едім.

«Даму» жергілікті филиалы-ның директоры Ербол ҚАЙРАНБАЕВТЫҢ (суретте) айтуынша, бұл - атыраулық кәсіпкерлер үшін өзекті проблема. Олардың көпшілігі бұған биыл бөлінген қаржының жеткіліксіз болғанын байқаған:

Мәселе мынада, сұралған 800 млн теңгенің орнына республикалық бюджеттен тек жартысы ғана бөлінді. Бірақ кешікпей бюджетті толықтыруға уәде етіп отыр, содан соң қаржыландыру қалпына келмек.

 

«СІЗДЕРДЕ БӘРІ  ІРІ ЖОБАЛАР ТӨҢІРЕГІНДЕ»

Шарадан кейін мен ұйымдастырушыларға бірнеше сұрақтар қойдым.

– Неліктен «Жол картасының» 4-ші бағытының мүмкіндіктерін кәсіпкерлердің аз бөлігі пайдаланады?

Қайранбаев:Негізінен ақпарат-тың жоқтығы салдарынан. Бұл жерде менталитет те рөл ойнайды. Адамдар теория қажет емес, басқасы – нақты қаржыландыру қажет деп ойлайды.

– Бәлкім, адал табыс табу мүмкіндігіне сенбейтін шығар. Одан да керек мемлекеттік шенеунікті тауып алып, «откат» беріп, «объем» алған жеңіл деп ойлайтын болар.

– Мұндайлар аз, 5-10 пайыз шығар. Басым бөлігі – байланысы жоқ, сапалы өнімдер шығарып немесе қызметтер көрсеткісі келетін кәсіпкерлер. Өйткені осы жағдайда ғана сенің бизнесің сұранысқа ие болады. Біз шетелде оқыған бизнесмендерді кездесуге арнайы шақырдық, серіктестер таптық, енді жаңа идеяларды жүзеге асырмақпыз.

Биляшеваға қойылған сұрақтар:

– Сіз Астанада отырып, еліміздің бүкіл ауқымы бойынша көріністерді көресіз. Атырау облысында шағын және орта бизнесті дамыту болашағы қандай?

– Әрине, сіздің өңірді, мәселен, Қызылорда облысымен салыстыруға болмайды. Бұл жерде мұнай-газ секторы үшін сервистік қызметтерді дамытуға үлкен мүмкіндік бар. Бәрі ірі жобалар төңірегінде жүреді.

– Бірақ ірі өндірістер құрудың мәнісі бар ма? Өйткені нарық кішкентай болғандықтан, өткізуге қатысты проблемалар туындайтыны сөзсіз ғой.

16 млн халқы бар осындай үлкен аумақта өткізу нарығы – бүкіл Қазақстанның проблемасы. Бірақ шетелдік компаниялардың жабдықтар, азық-түлік өнімдері секілді сатып алулар көлеміне қараңыз. Солардың ішінде мемлекеттік сатып алулар да бар. Бұл бизнес үшін үлкен мүмкіндік қой.

– Атыраулық кәсіпкерлер «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыра бастағанда банктерде кедергілер туындайтындығына шағымданады. Құлсары моноқаласында кепіл мүлігі құнының төмендігіне қатысты проблемалар бар.

– Мемлекеттің банк ісіне араласуға құқығы жоқ. Бірақ біз қазір өз тарапымыздан, банктер мен кәсіпкерлер үшін 20 моноқала бойынша тәуекелділікті азайту жөніндегі мүмкіндіктерді қарастырып жатырмыз.

– Бизнесті қаржыландыруда банктер мен жергілікті билікті байланыстырудың қажеті қандай еді?

– Бұл банктер мен мемлекеттік сектор арасындағы тәуекелділікті бөлісу. Бизнесті мемлекет қаржыландырған жағдай әлемдік тәжірибеде болған емес. Ал «Бизнестің жол картасы» дағдарыстан кейінгі кезеңде өндірістік секторда бизнеске несие беру мүмкіндігі болу үшін банктерді қорландыру қажет болғанда пайда болды. Әрине, айтылып жатқан сын көп, бірақ біз нәтижені де көріп отырмыз.

–  Бір кездері «Дамуды» тікелей бизнес қаржыландырды. Бірақ құрамдас жемқорлық салдарынан бұл алып тасталды.

Қайранбаев: Иә, 2004-2007 жылдары несиелеумен Қор жанындағы ірі микронесиелеу ұйымдары айналысты. Нәтижесінде, сол кезде біздің облысымызда берілген жалпы сомасы 500 млн теңге болатын «проблемалы» несиелер 26 болды. Бизнеске деп несие алынып, ол басқа заттарға жұмсалды. Сотқа 19 талап арыз берілді. Содан бері біз тікелей несиелер бермейміз.

– Ал қазір проблемалы заемдар бар ма?

– Қазір мемлекет қаржысын тиімсіз пайдаланудың алдын алуға мүмкіндік беретін басқа механизм жұмыс істейді. Клиент несие төлеу мерзімін кешіктірсе, банктер бізге хабарлайды, біз автоматты түрде қаржыландыруды тоқтатамыз.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген автор

12 қыркүйек 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.