Жылыойлық Нұрлан ТЛЕУОВ (суретте) марқұм әкесіне тиесілі «ҚазМұнайГаз Барлау. Өндіру» АҚ-ның артықшылықтары бар акциясын даулап, сотта жеңіске жеткен болатын. Алайда, жылдан асты, сот шешімі әлі орындалмай келеді.
Ал даудың басы -Жылыой аудандық сотының 2011 жылдың 6 қаңтарындағы шешімі болатын. Ол мұнай саласында көп жыл еңбек еткен марқұм Сагал ТЛЕУОВТІҢ акцияларын әлдебір Сесинбай ТУЛЕУОВ деген адамның атына тиесілі деп тануға шешім шығарған (АЖ №14, 5.04.2012 ж. «Фамилиядан ши шықты» мақаласын қараңыз). 2000 жылы қайтыс болған Сагал Тлеуов көзі тірісінде өзінің «ҚазМұнайГаз Барлау. Өндіру» АҚ-ның 224 артықшылығы бар акцияларын «Қор орталығы АҚ-на тіркеген болатын. Оның ұлы Нұрлан Тлеуов 11 жыл өткен соң нотариус арқылы заң бойынша мұрагерлік құқық туралы куәлікпен әкесінің акцияларына мұрагер деп танылады. Ал «Қор орталығы АҚ-на әкесінің акцияларына мұрагер ретінде тіркелу үшін барғанында, олардың Сесинбай Тулеуов деген кісінің атына тіркелгенін бір біледі. Алайда, Тлеуовтер оны өмірінде көрмеген, мүлде танымайды да! Судьяның қандай негізде мұндай шешім қабылдағаны әлі күнге дейін түсініксіз қалып отыр.
2012 жылғы 11 қаңтарда Жылыой аудандық сотының 2011 жылғы 6 қаңтардағы шешімінің күшін жойып, істі жаңа құрамда қарауға қаулы шығарады.
Бұл істі қарауда қателіктер жібергенін сот алқасы былай деп сипаттайды: «Іс құжаттарына қарағанда, Тулеуов Сесинбайдың фамилиясы Тлеуов емес, Тулеуов екені байқалады. Сонымен қатар, Тулеуов Сесинбайдың 1993-1994 жылдары еңбекақыға акция берді дегеніне сот дұрыс баға бермеген. Себебі, 1993-1994 жылдары акция еңбекақы орнына берілмеген. «Акция» деген ұғым ҚР-ның «Бағалы қағаздар рыногы туралы» 1997 жылғы 5 наурыздағы және ҚР-ның «Акционерлік қоғамдар туралы» 1998 жылғы 10 шілдедегі Заңдарында пайда болған. Сот актісімен Нұрлан Сагалович Тлеуовтің мұрагерлік құқығы бұзылғаны байқалады».
Ал Жоғары соттың қадағалаушы сот алқасының қаулысы негізінде Жылыой аудандық соты2012 жылдың 13 наурызы күні Нұрлан Тлеуовтың арызын қанағаттандырып, «Қазмұнайгаз Барлау. Өндіру» АҚ-ның 224 дана артықшылығы бар акцияларды оған кейін қайтару туралы ұйғарым шығарады. Алайда, жыл жарым уақыт өтті, сот шешімі әлі орындалмай отыр.
2012 жылы 11 сәуірде Жылыой аудандық сот орындаушылар бөлімі атқару парағын Атырау облыстық сот актілерін орындау департаментіне жібереді. Ал 19 мамырда бұл департамент атқару парағын Алматы облысы сот актілерін орындау департаментіне жолдаған (себебі Қор орталығының бас кеңсесі Алматыда орналасқан). Содан бері жауап болмаған соң, Н. Тлеуов өзі Алматыға екі рет барады, бірақ ол жерде атқару құжаты жоқ болып шығады. Алматы қаласы сот актілерін орындау департаментінің Алмалы аумақтық бөлімінің басшысы Н.БАТЫРОВҚА сұраныс жолдап, атқару құжатының жоғалғандығы туралы акт талап етеді. Ал жақында ол қалалық прокуратураға Атырау және Алматы облыстарының сот орындаушыларына шара қолдануды сұрап арыз түсірді. Осылайша Н. Тлеуовтің әділдік орнату күресі әлі де жалғасуда.
Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген автор