Атырау облысында өз саласында жетістіктерге жеткен жастар мен жастар ұйымына арналған «Жас дарын» байқауы жарияланды. Ұйымдастырушылары – Жастар саясаты жөніндегі басқарма және «Жас қоғам» жастар бастамаларын дамыту қоры.
Байқау қорытындысы бойынша «жас кәсіпкер», «журналист», «волонтер», «тәртіп сақшысы», «мемлекеттік қызметкер», «мұғалім», «спортшы», «денсаулық сақтау қызметкері», «мәдениет қызметкері», «әскери қызметкер» номинациялары бойынша үздіктер анықталады. Сонымен қатар, марапат жастармен жұмыс жасау бойынша жастар ұйымдары мен мемлекеттік органдарға да беріледі. Айта кетсек, соңғы номинация қазірдің өзінде интернетте талқыға түсе бастады: өйткені бізде жастар ісімен айналысатын бір ғана басқарма бар. Алайда байқауға жастармен жұмыс жасайтын кез келген ұйым, мәселен спорт немесе мәдениет басқармалары да қатыса алады екен.
Байқау талаптары бойынша, жастар санатына 14-тен 35 жасқа дейінгі азаматтар жатқызылады. Қатысушылар тек өз ісінің шеберлері ғана емес, қоғам белсенділері болуы керек. Өз кәсіпқойлығын дәлелдеу үшін қатысушылар өз қызметтері туралы эссе, өз саласы бойынша ұйымдар мен сарапшылардың пікірін, оқу және жұмыс жылдарында жеткен жетістіктерінің куәлігін (марапаттар, дипломдар, грамоталар, алғыс хаттар) ұсынуы керек.
Зульфия ИСКАЛИЕВА