9 қыркүйекте облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ ауылдық округтердегі ветеринарлық станса филиалдарының қызметкерлеріне 64 «Нива» автокөлігінің кілтін табыстады.
Ветеринарлық қызметтің көгілдір крест белгісі бар автокөліктер жануарларға арнайы көмек көрсетуге арналған құрал-саймандар жиынтығымен және зертханалық материалдарды сақтауға арналған тоңазытқыш жабдықтарымен жарақталған.
Облыстың бас ветеринар инспекторы Дәурен ҚАБДОЛОВТЫҢ айтуынша, өңірде 72 ауылдық округтер бар, қалған 8 «Нива» бірер күнде жеткізілмек. Сондай-ақ, ауылдық ветеринарлар үшін ГАЗ-53 автокөлігі базасында бірнеше Комаров дезинфекциялық құрылғылары (ДУК), вакциналарға арналған тоңазытқыш құралдары мен пайдаланылған патологиялық материалдарды, шприцтерді және өлген жануарларды жою үшін арнайы пештер орнатылатын болады.
Қызылқоға аудандық ветеринар бөлімінің басшысы Серікбай ЛАТИЕВТІҢ айтуынша, бұл кеңестік дәуірден бері округтік ветеринар стансалар қызметкерлері алған алғашқы көлік екен. Бұл көліктер дер кезінде келіпті. Мәселе мынада, округтерде малдың 40 пайызы ұсталады, қалғандары жайылымдық жерлерде жайылады, олардың ең жақыны елді мекеннен 15 шақырым қашықтықта орналасқан.
Бүгінде Тасшағыл селосында қой мен ешкілерде бруцеллез сырқатының тұтануы себепті тамызда енгізілген карантин жалғасуда. Оны алып тастау үшін жануарлар қанының талдамасы екі мәрте теріс нәтиже көрсетуі керек. 9-22 тамызда 13 304мал басынан алынған сынамалар ауру жұқтырған 132 жануарды анықтаған. Бұл мал жойылды. Енді мал басына қайтадан тексеру жүргізілуде. 9 қыркүйектегі ахуал бойынша 7 мың қойдан қан алынған, індет анықталған жоқ.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ