АСТАНА. 9 қыркүйек. ҚазАқпарат - Үндістанның Уттар-Прадеш штатында мұсылмандар мен индуистер арасындағы жанжал ушығып барады. Бүгінде жергілікті билік әскерилердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болып отыр.
Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары хабарлағандай, тамыздың аяғында басталған текетірестер кезінде 15 адам қаза тауып, тағы 50 адам жарақат алды. Өткен сенбі күні индуистер мен мұсылмандар арасында тағы да қақтығыстар болды. Осыдан кейін жергілікті билік әскерилердің көмегіне жүгініп, мыңдаған сарбаз елдің солтүстігінде орналасқан Уттар-Прадеш штатына аттанды.
Қазір полиция 300-ге жуық адамды қамауға алды. Олар діни алауыздықты ушықтырғаны үшін айыпталып отыр. Штаттың үш ауданында коменданттық режим енгізілді.
Дереккөз: inform.kz