Литваның астанасы Вильнюс қаласында Еуропалық одақтың сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі өтті. Онда Сирия мәселесі бойынша бірлескен мәлімдеме қабылданды.
Аталған құжатқа сәйкес, министрлер Сирияның Даммаск қаласында қарапайым халыққа қарсы химиялық қару қолданғаны үшін осы елдің бүгінгі билігі жауапты деп отыр. Алайда бірлескен мәлімдемеде әскери операцияны өткізуге қатысты бірде-бір сөз жоқ.
Вильнюсте өткен Еуропалық одақтың сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуіне АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керри де қатысты. Осылайша, Америка Сирия мәселесін соғыс арқылы шешуді қолдайтындардың санын арттыруды көздейді. Бүгінде бұл бастаманы 12 мемлекет қолдап отыр. Алайда халықаралық қауымдастық оған қарсы. Себебі Сирияда химиялық қаруды қолдану бойынша БҰҰ сараптамасы әлі аяқталған жоқ. Ресей Федерациясының президенті В.Путин болса, Сирияға қарсы әскери күшті пайдалану бастамасын «провакация» деп бағалап отыр. Оның айтуынша, химиялық қаруды билік емес, сол жердегі оппозиция қолданған.
Дереккөз: ҚазАқпарат