8 қыркүйекте кеңестік партия және мемлекет қайраткері Оңайбай Көшекұлы Көшеков көз жұмды. Ол 1925 жылы 10 ақпанда Еркінқала ауылдық кеңесінің Сарыөзек елді мекенінде дүниеге келген. Көпбалалы қойшының отбасында тәрбиеленген, өзі де жас кезінде шопан боп еңбек еткен.
Алматыдағы Жоғарғы партия мектебін бітіріп, содан соң Қазақстан Коммунистік партиясы Гурьев облыстық комитетінің ауыл шаруашылық бөлімінің меңгерушісі боп жұмыс істеді. 1968 жылдың қаңтарында Қазақстан КП Маңғышлақ аудандық комитетінің бірінші хатшысы боп сайланды.
1970-1977 жылдары Гурьев облыстық атқару комитетінің төрағасы боп қызмет атқарды.
1977 жылы Қазақстан КП Гурьев облыстық комитетінің бірінші хатшысы болды. 1985 жылы осы лауазымдағы оның орнына Асқар Құлыбаев келді. Оңайбай Көшеков облыс басшысы болған кезде ірі Теңіз мұнай кеніші ашылып, Атырау-Ганюшкин жолы салынды, Атырау – Мақат - Құлсары, содан соң Индер – Сағыз - Миялы жолдарының құрылысы басталды, Мақат – Индер темір жолы салынды, облыстағы ауыл шаруашылығы дами бастады және т.б.
СОКП-ның үш съезінің делегаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің бірнеше шақырылымының мүшесі болды.
Оңайбай Көшековті жерлеу рәсімі 10 қыркүйекте өтеді. Махамбет атындағы драма театрда сағат 10.00-де марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі белгіленген.
Меншікті ақпарат