
Бірқатар экология белсенділері қоршаған орта шығарындыларға жедел әрекет ету үшін жұмыс тәртібін өзгерту қажеттігін айтты. Олардың пікірінше, қазіргі нормалар мемлекеттік органдарға құқықбұзушылықтарды уақытылы анықтап, зиянды болдырмауға кедергі келеді.
Естеріңізге сала кетейік, 23 мамырда өткен екінші экофорумда Атырау облыстық адвокаттар алқасының президиум мүшесі Тілек Хамитов мемлекеттік инспекторларға кенеттен тексеру жүргізуге мүмкіндік беру керек екенін атап айтқан еді.
— Егер заң бұзушылық болса, ҚР Кәсіпкерлік кодексінің емес, Экология кодексінің аясында әрекет ету керек. Мұндай мәселелерде шектеулер болмауы тиіс, — деді ол.
Экология кодексінің 174-бабының 2-бөлігінде мемлекеттік экологиялық бақылау Экология және Кәсіпкерлік кодекстерінің ережелерімен бірге реттелетіні көрсетілген. Хамитовтың пікірінше, бұл экологиялық заң бұзушылықтарды тиімді анықтауға кедергі жасап отыр және экологиялық тексеру рәсімдерінен Кәсіпкерлік кодексінің талаптарын алып тастауды ұсынады.
Қазіргі кезде экология департаменті тексерулерді Кәсіпкерлік кодексінде белгіленген тәртіппен жүргізуге міндетті. Кез келген тексеру құқықтық статистика және арнайы есепке алу департаментінде тіркеліп, қатаң мерзімдер мен рәсімдік шектеулерге бағынады. Тіркелген соң кәсіпорынға хабарлама жіберіледі.
Хамитовтың айтуынша, шығарындыларға қатысты бұл тәртіп тиімсіз.
— Заңбұзушылықты анықтау үшін дереу әрекет ету қажет: ластану көзін табу, ауадағы зиянды заттардың концентрациясын өлшеу және алғашқы тексеру жүргізу керек. Алайда тіркеп, хабарландыру жібергенше, шығарындылар тарай береді де, содан соң ыдырап, олардың концентрациясын анықтау мүмкін болмай қалады, — деп түсіндірді ол.
Бұл әсіресе қысқа мерзімді, бірақ қауіпті шығарындыларға қатысты, олар көбіне түнде немесе таңертең ерте болады да, тексеру басталғанға дейін тоқтайды.
Кәсіпкерлік кодекстің 85-1 және 85-2 баптарында бизнес субъектілеріне мемлекеттік бақылау тәртібі белгіленген. Дегенмен, заңгердің айтуынша, экологиялық төтенше жағдайларда бюрократиялық рәсімдер ереже емес, ерекше жағдай болуы тиіс.
— Формальды емес, нақты әрекет ету үшін Экология кодексінің 174-бабынан Кәсіпкерлік кодексіне сілтемелерді алып тастау қажет. Бұл инспекторларға кідіріссіз тексеру жүргізуге және құқықбұзушылықтарды болған сәтінде тіркеуге мүмкіндік береді, — деп түйіндеді Хамитов.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау +3