
2025 жылдың шілдесінен бастап Қытайдың Гуандун провинциясында Чикунгунья вирусын жұқтырудың 7000-нан астам дерегі тіркелді. Билік COVID-19 пандемиясы кезінде қолданылған шараларға ұқсас қадамдар жасап жатыр. Бұл туралы BBC тілшісі Келли Нг хабарлады.
Инфекцияның негізгі ошағы — он миллионнан астам халқы бар Фошань қаласы. Мұнда науқастар бір апта бойы немесе талдауларында вирус анықталмайынша, арнайы москит торларымен қоршалған төсектерде оқшауланып жатыр.
Чикунгунья — маса арқылы таралатын вирус. Ол дене қызуын көтеріп, буындарға қатты ауырсыну тудырады. Симптомдар кейбір жағдайларда бірнеше айға, тіпті жылдарға созылуы мүмкін. Вирус адамнан адамға таралмайды, тек маса шағу арқылы жұғады — яғни, алдымен вирус жұқтырған адамды шаққан маса кейін сау адамды шаққанда жұғады.
Қытай билігінің хабарлауынша, жұқтырғандардың барлығында ауру жеңіл түрде өтіп жатыр, ал науқастардың 95%-ы бір апта ішінде емделіп шығуда.
Гуандундағы 12-ден астам қалада Чикунгунья жағдайлары анықталды. Өткен аптада шамамен 3000 жаңа дерек тіркелді. Сондай-ақ, алғашқы жағдай көршілес Гонконгта да анықталды — 12 жасар бала шілдеде Фошаньға барып келгеннен кейін қызуы көтеріліп, бөртпе мен буын ауырсынуына шағымданған.
Билік судың тұрып қалуын болдырмау үшін арнайы шаралар қабылдап жатыр: тұрғындарға гүл құмыралары немесе кофе машиналарындағы су секілді тұрып қалған суларды төгу бұйырылды. Талапты орындамағандарға 10 мың юаньға (шамамен 1400 доллар) дейін айыппұл салынатыны ескертілді.
Сонымен қатар, билік маса личинкаларын жейтін балықтарды су айдындарына жіберіп, қан сорғыш емес, зиянды масаларды жоятын «піл масаларын» (ұзын аяқтылар) шығаруда. Мәселен, Фошаньда өткен аптада 5000-нан астам осындай балық жіберілген.
Кейбір қалалар Фошаньнан келгендер үшін 14 күндік үй карантинін енгізген, алайда кейін бұл талап алынып тасталды.
Чикунгунья Қытайда кең таралмаған вирус болғандықтан, оның жылдам таралуы халық арасында алаңдаушылық тудырды. Вирус алғаш рет 1952 жылы Танзанияда анықталып, маконде тілінен аударғанда «иіліп қалу» дегенді білдіретін атау берілген. Қазіргі уақытта бұл вирус 110 елде тіркелген.
Чикунгунья туралы не білеміз:
– Инфекция белгілері маса шаққаннан кейін 3–7 күн ішінде пайда болады;
– Симптомдар: дене қызуы, буын, бұлшықет және бас ауруы, бөртпе, буын ісінуі;
– Көп жағдайда науқастар бір апта ішінде жазылады, бірақ ауырсыну кейде ұзаққа созылады;
– Жаңа туған нәрестелер, қарттар мен созылмалы аурулары бар адамдар үшін қауіпті;
– Вирусқа қарсы нақты ем жоқ, бірақ өлім-жітім деңгейі өте төмен.
В Атырау +4