
Атырау облысында өзен, канал мен көлдердің түбін тереңдету және арналарды тазарту жұмыстары жалғасып жатыр.
Атырау облысының құрылыс басқармасы "АЖ" сауалына берген жауабында, бұл жобалар су тасқынының алдын алу, су алмасуды жақсарту, балық қорын қалпына келтіру және өңірде қолайлы гидрологиялық жағдай жасау мақсатында жүзеге асырылып жатқанын хабарлады.
Қала аумағында «Теплый» және «Красный Октябрь» арналары толықтай тазартылып бітті. Жалпы ұзындығы — 10 шақырым, ені — 12 метр, тереңдігі — 2 метр. Бұл жұмыстар 100 пайыз аяқталды, деп хабарлады Атырау облысының құрылыс басқармасы.
Жылыой ауданында Жем мен Құрсай өзендерінде, сондай-ақ Қамыскөл және Тұздыкөлде тазарту жұмыстары жүргізілуде. Жоспарланған 95 шақырымның 84 шақырымы аяқталған. Бұл учаскеде 100-ден астам арнайы техника жұмылдырылған. Жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.
Каспийге құятын Жайық сағасында 10 шақырымның 8,5 шақырымы тереңдетілді. Мұнда амфибия-экскаваторлар тартылған. Жоба қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамадан өтуде.
Соколок каналында тазарту жұмыстары 30 шақырымның 24 шақырымында аяқталған. Жайықтың облыс аумағындағы төрт учаскесінде де осындай жұмыстар жүргізіліп, жалпы ұзындығы 52 шақырым тазартылды.
Қиғаш өзенінде 99,5 шақырымның 77,6 шақырымы тереңдетілді. Қалған бөлігі республикалық бюджеттен қаржы бөлінгеннен кейін жүзеге асырылады.
Жұмыстар Миялы мен Сағызда да жүргізіліп жатыр. Бұл өңірлерде Ойыл және Ноғайты өзендерінің жағалауларын нығайту шаралары қолға алынған. Кейбір учаскелерде жоба-сметалық құжаттама әлі әзірленуде.
Өзен арналарын тазарту жұмыстары ондаған жылдар бойы жүргізілмеген. Қазіргі таңда бұл тек инфрақұрылымдық емес, экологиялық мәселеге де айналып отыр. Уақтылы араласусыз өзен арналары лайланып, балықтардың көшу жолы бұзылады, ал елді мекендер қайта-қайта су тасқыны қаупіне ұшырайды.
Атырау облысы Құрылыс басқармасының мәліметінше, бұл жобалар тасқын қаупін азайтуға, табиғи су арналарының қалпына келуіне және өңірдің биологиялық әртүрлілігін сақтауға бағытталған.
– Нысандардың басым бөлігін жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Алайда бұл жұмыстардың уақытылы әрі толық орындалуы қаржыландырудың тұрақтылығына байланысты, – деп атап өтті Атырау облыстық Құрылыс басқармасы.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау +3