Атырау, 6 желтоқсан 09:15
 ашықВ Атырау +3
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Қазақстанның батысында жаз айларында ауыз су тапшылығы тәулігіне 53 мың текше метрге жетеді

334 рет қаралды

Бұл туралы "АЖ" редакциясының сауалына жауап ретінде Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлімдеді.

Қазіргі таңда Атырау және Маңғыстау облыстарында шамамен 1,5 миллион адам тұрады. Бұл өңірлердегі тұрғындар ауыз сумен бірнеше көздер арқылы қамтамасыз етіледі:

  • «Астрахань – Маңғышлак» магистральдық су құбыры арқылы;
  • беткі су көздері;
  • жер асты су көздері;
  • жұмыс істеп тұрған тұщыту қондырғылары – олардың қатарына «Каспий», МАЭК, «Алека» ЖШС және «Ақтау тұщыту зауыты» ЖШС кіреді.

Сонымен қатар, министрлік мәліметінше, жаз мезгілінде Атырау облысында ауыз судың тәуліктік тапшылығы – 30 мың текше метрді, ал Маңғыстау облысында – 23 мың текше метрді құрайды.

2025 жылғы сәуірде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбе облысындағы Көкжиде жер асты су кен орнын ауыз сумен қамтудың балама көзі ретінде пайдалануды қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ ол Көкжиде, Айшуақ және Солтүстік Айшуақ кен орындарынан Маңғыстау мен Атырау облыстарының елді мекендеріне дейін су құбырын тарту жобасын зерделеуді жүктеді.

Аталған тапсырма 2025 жылғы 17 шілдеде өткен ҚР Су кеңесінің отырысында қаралды. Қазіргі таңда Көкжиде, Айшуақ және Солтүстік Айшуақ жер асты су кен орындарынан су құбырын тартудың экономикалық тиімділігін анықтау үшін техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) әзірлеу жоспарланып отыр.

Бүгінде ТЭН әзірлеуге қажетті қаржыландыру көздерін анықтау мәселесі қарастырылуда. Осы жұмыс аясында жобаны іске асыру мерзімі де айқындалмақ.

Дайындаған Жомарт ӘМІРХАНОВ

6 тамыз, 18:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.