
Қоғамдық бақылау тобы Жилгородоктағы Құрманғазы атындағы Мәдениет үйінде жүргізіліп жатқан ғылыми-реставрациялық жұмыстармен танысты.
Еске сала кетейік, 2023 жылы қалалық әкімдік республикалық маңызы бар сәулет және қала құрылысы ескерткіші мәртебесіне ие Құрманғазы атындағы Мәдениет үйінде заңсыз күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге әрекет жасаған болатын. Бұл жөнінде «АЖ» редакциясы жария еткеннен кейін ғана қоғам назарына ілікті. Дегенмен, шенеуніктер заң бұзушылық жоқ деп, соңына дейін өз ұстанымдарынан таймай келді. Тек біздің прокуратураға жазбаша түрде жолдаған өтінішімізден кейін ғана құқық қорғау органдары іске араласты.
Бұл оқиғалар мен өзге де кейбір жайттар маусым айының басында басталған ғылыми-реставрациялық жұмыстарға деген сенімді азайтты. Жоба заң талаптарына толық сай жүргізіліп жатыр деген уәждерге қарамастан, тұрғындарда күмән қалды. Осыған байланысты бір топ белсенді қала тұрғыны қоғамдық бақылау тобын құрып, Мәдениет үйінің басшылығынан жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстыруды сұрады. Аталған топтың құрамына қалалық және облыстық мәслихат депутаттары, туризм саласының өкілдері, сондай-ақ сіздердің тілшілеріңіз де кірді.
Сонымен, жұмыстарды екі мердігер ұйым жүргізуде, олардың жауапты қызметкерлері қоғамдық кездесуге де қатысты. Ғимараттағы барлық инженерлік коммуникацияларға қатысты күрделі жөндеу жұмыстарын жалпы сомасы 177 млн теңгеге «AGM Service» ЖШС атқаруда. Бұл бағыттағы техникалық қадағалауды «Aspan Engineering Group» компаниясы (келісімшарт сомасы – 4,8 млн теңге), ал авторлық қадағалауды «Тоныкөк Құрылыс» ЖШС (932 мың теңге) жүзеге асырып отыр.
Ал жалпы құны 609,5 млн теңге болатын реставрация жұмыстары «Жалынды құрылыс» ЖШС-не жүктелген. Бұл бағыттағы техникалық бақылауды «Novat Story» ЖШС (18,4 млн теңге), ал авторлық қадағалауды «Қазреставрация» РМК (4,5 млн теңге) атқарады. Айта кету керек, ғылыми-жобалық құжаттаманы да Қазреставрация мамандары әзірлеген.
– Атырауда тарихи нысандар өте аз қалды. Қонақтар, шетелдіктер келеді де: «Сіздерде сақталған қандай ескерткіштер бар?» – деп сұрайды. Ал біз оларға дұрыс көрсететін ештеңе таба алмаймыз. Бәрі жойылып кеткен. Қалаға 400 жылдай болғанын ешкім айта алмайды да, – деді кездесуде туризм саласы бойынша облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы салалық кеңестің мүшесі, «Карат тур» туристік агенттігінің менеджері Гүлбану Бекбосынова, жұрт пікірімен ортақтасып.
«Жалынды құрылыс» ЖШС-нің құрылыс жөніндегі директор орынбасары Тоқтар Жылқыбаевтың айтуынша, компанияда былтырғы мамырда алынған тиісті лицензия ғана емес, тарихи ескерткіш мәртебесі бар нысандарда жұмыс істеу тәжірибесі де бар. Атап айтқанда, олар Орал қаласындағы Батыс Қазақстан университетінің (М.Өтемісов атындағы) ғимаратында жөндеу жұмыстарын жүргізген.
Сол секілді тарихи-мәдени мұра нысандарымен көп жылдан бері айналысып келе жатқан екінші мердігер – «AGM Service» ЖШС. Компания Алматыдағы М.Әуезов, Алматы облысындағы Ж.Жабаев және Семейдегі Ф.М.Достоевский музейлерінің ғимараттарын да қалпына келтірген.
Ал Жилгородоктағы Мәдениет үйіне келсек, қазіргі уақытта мұнда негізінен ескі бояулар мен сылақтарды тазалау, бөлшектеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ғимараттың бастапқы ішкі келбетінен аз ғана элементтер – негізінен өрнекті төбелер, рельефті безендірулер (маскалар, сылақпен жасалған оюлар), түрлі декоративті бөлшектер және Мәскеу метрополитенінде жасалған екі люстра сақталған. Олардың бірі көрермен залында, екіншісі екінші қабатттың фойесінде орналасқан.
Сондай-ақ бұрын линолеуммен жабылып қалған ескі паркет еден мен гипсокартон астында жасырынған оюлы ағаш төбе анықталып, бұл үлкен жаңалық болды. Жобада осы түпнұсқа элементтердің барлығын қайта қалпына келтіріп, сақтау жоспарланған. Бұл іске жергілікті суретші-мамандар да тартылады деп күтілуде. Ғимараттың сыртқы келбеті де өзгеріссіз сақталады, тек заманауи жарық шамдармен әрленбек. Сонымен қатар жобада мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған пандус қарастырылған.
– Бұдан бөлек, біз жаңа жиһаз, аппаратура, жарықтандыру құрылғылары, бейнекамералар, трансляциялық радиожүйелер мен LED-экрандар сатып алғымыз келеді, – деді Мәдениет үйінің директоры м.у.а. Асхат Жахиев. – Толығымен жаңартылған ғимараттың ашылуы 2026 жылдың көктеміне жоспарланып отыр.
Ол сондай-ақ, реставрация барысында мәдени мұраны қорғауға қатысты барлық талаптар қатаң сақталатынын, ал жұмыстардың тарихи әрі сәулеттік құндылықтарды ескере отырып жүргізіліп жатқанын ерекше атап өтті.
– Жалпы, кездесу өте мазмұнды өтті. Барлық сұрақтарымызға толыққанды жауап алдық. Егер уәде еткендей бәрі орындалса, Мәдениет үйі қаламыздың шырайын аша бермек, – деп түйіндеді «Таврос» армян этномәдени бірлестігінің төрағасы Гагик Плузян.
Келесі осындай кездесу екі-үш айдан кейін өтуі мүмкін.
Мәдениет үйі 1948 жылы ашылған, ал 1981 жылдан бастап сәулет ескерткіші мәртебесін алған. Соңғы рет мұнда күрделі жөндеу жұмыстары 2001-2002 жылдары жүргізілген.
Лев ГУЗИКОВ
Суреттерді түсірген автор және Кенжебек АЙТҚОЖИН
В Атырау +3 








