
Құрманғазы ауданы аумағында бір айға жуық жүргізілген тарихи-топонимикалық экспедиция аяқталды. Зерттеу жұмыстарын Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған.
Экспедицияның мақсаты – көнеден келе жатқан жер-су атауларының шығу тегі мен тарихи маңызын анықтау, ел аузындағы нұсқаларды жинап, ғылыми жүйелеу.
Экспедиция жетекшісі Ерлан Тілекқабыловтың айтуынша, зерттеу барысында 30-ға жуық елді мекен араланып, 60-тан астам ауыл ақсақалы және тұрғындармен сұхбат жүргізілген. Сонымен қатар, тарихи маңызы бар 20-ға тарта ескі қоныс пен мекенжай зерделенді.
Экспедиция құрамында жазушы, публицист Назарбек Қосшиев, археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Марат Қасенов, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Қазақстан халқы Ассамблеясы» институты өкілдері мен музей мамандары болды.

Зерттеу барысында картографиялық деректермен қатар, далалық экспедициялық әдістер қолданылған. Елді мекен атауларының ноғай-қалмақ дәуірінен бастау алатыны анықталып, Нарын құмы мен Азғыр өңіріне қатысты бірқатар тың мәліметтер жиналды.
– Кейбір тарихи атаулар ұмыт болу алдында тұр. Сол себепті тірі шежіре саналатын қариялардың естеліктерін хатқа түсіру – аса маңызды міндет, – дейді Ерлан Тілекқабылов.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
В Атырау +3