3 қыркүйекте Атырау облысында «2012-2020 жылдарға арналған моно- қалаларды дамыту бағдарламасы» аясында алғашқы несие берілді.
Құлсары қаласының кәсіпкері Светлана АМАНДЫҚОВА енді өз арманын – толыққанды сауда үйін салуды жүзеге асыра алады. Ол өз бизнесін дамыту үшін 7 жыл мерзімге 30 млн теңге мөлшерінде несие алды. Пайыздық мөлшерлеме 12,5%-ды құрайды, осының 10%-ын мемлекет субсидияландырады, яғни Светлана тек 2,5% жылдық мөлшерлемені ғана төлейді. Амандықова ЖК өз жұмысын 2002 жылы жиһаз сатудан бастаған.
- Мен қазір 150 шаршы метр көлемді дүкенді жалға алып отырмын, алайда бұл жиһаз сатуға өте тар. Жиһаз, тұрмыстық және оргтехника сататын сауда орталығын ашуды бұрыннан да ойлап жүр едім. Алайда қаржының тапшылығынан бұл ісім жүзеге аспады. Жақында 2012-2020 жылдарға арналған моноқалаларды дамыту бағдарламасы жөнінде естідім және сол бойда осы мүмкіндікті пайдалануды жөн көрдім, - дейді Светлана.
Моноқалаларды дамыту бағдарламасының қаржылық агенті «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры болып табылады. Бағдарламаға сәйкес, моноқалаларға өнеркәсіптік өндіріс пен халықтың жұмысқа қабілетті негізгі бөлігі бір немесе бірнеше қаланың негізін салушы кәсіпорынға шоғырланған елді мекендер кіреді. Көбіне бұлар бір профильді және шикізатқа бағытталған кәсіпорындар болып келеді. Ал халықтың негізгі бөлігі осы жерлерде жұмыс жасағандықтан, осы мекемелер қалада болып жатқан экономикалық және әлеуметтік үдерістерге ықпал жасайды. Моноқалалар санатына 10 мыңнан 200 мыңға дейін тұрғын халқы бар елді мекендер қосылған. Қазақстан бойынша барлығы 27 моноқала бар, ал Атырау облысында бұл – Құлсары қаласы. «Даму» Кәсіпкерлікті Дамыту Қорының» өңірлік филиалының директоры Лаура ӘМІРОВАНЫҢ айтуынша, «Даму» Кәсіпкерлікті Дамыту Қоры» АҚ, «Еуразиялық банк» АҚ және «Амандықова С.А.» ЖК арасындағы үш тараптық шарт осы бағдарлама бойынша өңірімізде алынған бірінші несие болып табылады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА