
Исатай ауданында үйлердің құрылысы мен сатып алу қарқынды жүргізіліп жатқанымен, тұрғын үй кезегін толығымен жабу әзірге мүмкін болмай тұр. Көпқабатты жаңа үйлер салынып, ондаған баспана сатып алу жоспары болса да, тізімде әлі де жүздеген адам баспана кезегінде тұр.
Аудан орталығы Аққыстау ауылынан үш қабатты 60 пәтерлік үйдің құрылысы аяқтала келген. Мердігер "КАЕС СтройКо" ЖШС үйдің сыртқы бөлігіндегі абаттандыру жұмысын жүргізіп жатыр. Осы жылдың қазан айына дейін мердігер құрылыс жұмысын толық аяқтап пайдалануға берілмекші.
Осы ауылдан мамыр айында тағы үш қабатты үйдің құрылысы басталған болатын. Мердігер "Жайық Сити" ЖШС-не құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу 10 айға белгіленген.
Бұдан бөлек ауданда биылғы жылы бюджет қаржысы есебінен 55 үйді сатып алу жоспарланған еді. Оның ішінде 10 үй апатты үй тұрғындарына, 17 үй Тұщықұдық ауылындағы көпқабатты үй тұрғындарына берілмекші. Ал 27 үй баспана кезегінде тұрғандарға табыстауды жоспарлап отыр.
Үй құрылысын жүргізіп жатқандар сапасына басты көңіл аудару қажет дейді жергілікті мамандар.
Бірақ баспана мәселесі ауданда толық шешіледі деу бекер. Әлі де жүздеген адам кезекте тұр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау +3