Атырау, 6 желтоқсан 10:57
 ашықВ Атырау +3
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Атырау облысында ҚАЖД сотталғандар санын құпия сақтап тастады

410 рет қаралды

«Ақ Жайықтың» сауалына Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті шағым жоқ және... режимдік нысан екеніне сілтеме жасап, жауап беруден тартты.

Редакция тергеу изоляторының, сондай-ақ ерлер мен әйелдер түзеу колонияларының толып кетуіне қатысты жағдайды түсіндіруді сұрап, ресми сауал жолдаған болатын. Бұған мекемелерде орын жетіспейді деген күдік пен хабарламалар себеп болған еді.

Облыстық ҚАЖД бастығы Азамат Ізтілеуовтың жауабында былай делінген: 

«Атырау облысы бойынша ҚАЖД мекемелерінде қамауда ұсталғанға дейін аймақ аумағында тұрған сотталғандар жазасын өтеуде. Толып кеткеніне қарамастан, Атырау облысының тұрғындары №15 және №79 мекемелерге тұрғылықты жері бойынша жіберіледі. Толып кетуге байланысты ұстау шарттарына қатысты шағым түскен жоқ».

Осы жерден нақты ақпарат аяқталды. Аталған мекемелерде қанша адамның қазір қамауда отырғаны және белгіленген орын лимиті қанша екені – тергеу изоляторы бойынша да, колониялар бойынша да көрсетілмеген. Сондай-ақ, егер сотталғандар саны артып кетсе, департаменттің не істейтіні түсіндірілмеген: сотталғандар басқа өңірлерге бөліне ме, төсек орындары қосыла ма немесе олар басқа мекемелерге этаппен жіберіле ме – жауап жоқ.

Жалпы ел бойынша мекемелердің шамадан тыс жүктелгені туралы мәселе ресми түрде мойындалғанына қарамастан, жаңа корпустарды кеңейту немесе салу жоспарлары туралы да нақты нақты ақпарат берілмеді. Бұған дейін Әділет министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Атырау облысын қоса алғанда, бірқатар өңірлерде мекемелердің шамадан тыс жүктелгенін хабарлаған болатын.

Осылайша, аймақтағы қамаудағылардың саны мен мекемелер бойынша лимиттер белгісіз күйінде қалып отыр. Ресми түрде шағым тіркелмегендіктен, шамадан тыс жүктеме «жоқ» деп есептеледі. Бірақ ашық деректің болмауы жауаптан гөрі сұрақты көп тудырады.

Біз сондай-ақ әйелдер колониясынан фоторепортаж жасауға рұқсат сұрадық, алайда рұқсат бермеді:

"Пенитенциарлық мекемелер еркін кіруге болатын орын болмағандықтан, режимдік объектінің аумағында бейне түсірілім жасау және тұтқындармен сұхбат жүргізу орынсыз деп санаймыз. Сонымен қатар, жазасын өтеп жатқан әйелдердің нақты жағдайын бағалау үшін құзыретті қызметкермен сұхбат беру қажет деп санаймыз", — деп хабарлады ҚАЖД.

Естеріңізге сала кетейік, бірнеше жыл бұрын "Ақ Жайық" әйелдер колониясынан фоторепортаж жасап, тіпті деректі фильм де түсірген болатын. Ол кезде рұқсат берілді. Қазір не өзгерді - белгісіз. Бірақ деректерді құпиялау жаңа стандартқа айналған сияқты.

Айгүл МАНСУРОВА

30 шілде, 18:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.