
Құрманғазы ауданында білім беру ұйымдары жаңа 2025-2026 оқу жылына толықтай дайын.
Бұл туралы аудандық білім бөліміне сілтеме жасап, Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Ауданды барлығы 62 білім беру ұйымы жұмыс жасап тұр, олардың ішінде:
- жалпы білім беретін 33 мектеп (27 орта, 3 негізгі, 3 бастауыш);
- 23 балабақша;
- 5 қосымша білім беру ұйымы;
- 1 арнайы білім беру мекемесі – №5 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті бар.
Аудандық Білім бөлімінің басшысы Еділ Баяровтың айтуынша, бүгінде ауданда үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер жоқ. 33 мектептің 7-еуі бір ауысымда, 26-сы екі ауысымда жұмыс істейді. Алайда оқушы орнына тапшылық бар.
Осы мәселені шешу мақсатында «Жайлы мектеп» жобасы аясында Құрманғазы және Ақкөл ауылдарында 600 орындық 2 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Құрылыстың аяқталуы жылдың соңына жоспарланған. Қазіргі уақытта М.В.Ломоносов мектебі құрылысының 60%, Ақкөл мектебінің 50% аяқталды.
Жаңа мектептер заманауи талаптарға сай салынып, асхана, екі спорт залы, акт залы, кітапхана, пәндік кабинеттер, үйірме бөлмелерімен қамтылады. Сыныптар қажетті құрал-жабдықтармен, жиһазбен және зертханалық кабинеттерден тұрады.
Қысқы маусымға дайындық мақсатында 20 электр генераторы сатып алынды. Абай және Ломоносов мектептеріне автономды модульді қазандық орнатылуда, жұмыстар қыс басталғанға дейін аяқталады деп күтілуде.
Биыл 8 мектептің жаңғырту жұмысы аясында 28 оқу кабинеті (биология, химия, STEM, АӘД, еңбек, инклюзив, география, математика, қазақ тілі, бастауыш, психолог) орнатылып, 7 мектепте толық аяқталды. Қалған бір мектептегі жұмыстар бірінші қыркүйекке дейін аяқталмақ.
Сонымен қатар 16 мектептің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 1425 парта, 283 шкаф, 96 тақта сатып алынды. Барлығы да оқу орындарына жеткізілуде.
В Атырау +3