
ГААГА Халықаралық қылмыстық соттың (ХҚС) Алдын ала тергеу палатасы Венгрия Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху елге 2025 жылғы 3–6 сәуір аралығында келгенде оны қамауға алмау арқылы ХҚС Жарғысына сәйкес өз міндеттемелерін орындамағанын мәлімдеді, деп хабарлайды АА.
Сот Венгрияның бұл міндеттемені орындамау мәселесін Мүше мемлекеттер Ассамблеясына жолдады.
Алдын ала тергеу палатасы Венгрия уақытша қамауға алу туралы талапты орындамай, Нетаньяхуды жауапкершілікке тартуға кедергі келтірді деп мәлімдеді.
Палата Венгрияның Нетаньяхуды қамауға алмағанын және өз міндеттемелерін бұзуға негізді себептер келтірмегенін атап өтті.
Шешім мәтінінде Венгрия қамауға алу сұрауын орындамағанын мойындағаны жазылған.
Нетаньяхуды қамауға алуға Венгрияда қажетті ішкі заңнама болмағаны немесе оның халықаралық құқық аясында «мемлекеттік иммунитетке» ие екені туралы уәждер негізсіз деп танылды.
Шешімде Израиль ХҚС-ке мүше мемлекет болмаса да, бұл Нетаньяхуды қамауға алуға кедергі бола алмайтыны айтылған. Венгрияның ішкі құқықтық нормалары соттың ордерін орындамауға сылтау бола алмайды.
Алдын ала тергеу палатасы Рим статутының 88-бабына сәйкес, мүше мемлекеттер Статутта көзделген барлық ынтымақтастық түрлері үшін, оның ішінде уақытша қамауға алу шаралары бойынша да ұлттық заңнамаларында тиісті рәсімдерді қамтамасыз етуге міндетті екенін еске салды.
ХҚС Нетаньяхудың Венгрияға үкіметтің ресми шақыруымен келгенін, яғни бұл сапардың алдын ала белгілі болғанын атап өтті.
Сот 2025 жылғы 21 наурызда, яғни Нетаньяху келгенге кемінде 10 күн бұрын Венгрияны ынтымақтастыққа шақырғанын, сондай-ақ Мүше мемлекеттер Ассамблеясының төрағалығы Венгрия сыртқы істер және сауда министрімен байланысып, Рим статуты аясындағы міндеттемелерін еске салғанын хабарлады.
Шешімде: «Нетаньяху Венгрияға келген кезде бұл мәселенің жеделдігі мен кейін Венгрия үкіметі сілтеме жасаған құқықтық кедергілер туралы ел хабардар болуы тиіс еді. Оның үстіне, Нетаньяху келгеннен кейін бірнеше күн бойы Венгрияда болған», – деп жазылған.
Сот Венгрияның ХҚС-пен байланысуға немесе, ең болмағанда, ордерді орындауға кедергі келтіретін жағдайлар туралы хабарлауға толық мүмкіндігі болғанын, бірақ оны әдейі жасамағанын айтты.
«Осыған байланысты Алдын ала тергеу палатасы Венгрия сұрау алған кезде сотқа міндеттемелер қақтығысы туралы әдейі хабар бермеуге шешім қабылдаған деп тұжырымдай алады», – делінген құжатта.
2024 жылғы 21 қарашада ХҚС Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен бұрынғы қорғаныс министрі Йоав Галлантқа Газа секторында жасалған әскери қылмыстар мен адамзатқа қарсы қылмыстар бойынша қамауға алу ордерін шығарған болатын.
Венгрия үкіметі Нетаньяху сапары кезінде ХҚС-тан шығу туралы шешім қабылдағанын жариялады.
Алайда Рим статутына сәйкес, бұл шешім БҰҰ Бас хатшысына ресми хабарланғаннан кейін бір жылдан соң ғана күшіне енеді. Осы уақыт ішінде Венгрия өз міндеттемелерін орындауға және қажет болған жағдайда ордерді іске асыруға міндетті.
В Атырау +4