Атырау, 6 желтоқсан 12:10
 ашықВ Атырау +3
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Атырау әуежайының GUW коды неге әлі өзгермеді?

548 рет қаралды

Атырауда әуежай кодын өзгерту туралы мәселе көтерілгеніне бес жылдан асты. Алайда қоғамдық пікір мен ұсыныстарға қарамастан, әуежай әлі күнге дейін GUW кодын пайдаланып келеді — бұл бұрынғы Гурьев атауынан қалған қысқартылған белгі.

Бүгінде әуе билеттерінде де, халықаралық әуежайлар таблосында да Атырау қаласы GUW коды арқылы көрсетіледі. Айта кетейік, қала атауы ресми түрде 1992 жылы Атырау болып өзгертілген болатын.

Әуежай кодын өзгерту мәселесі 2019 жылдан бері бірнеше рет көтерілгенімен, бұл бағытта нақты шешім қабылданған жоқ.

«Ақ Жайық» редакциясы Азаматтық авиация комитетіне ресми сұрау жолдаған еді. Комитеттің жауабында атап өтілгендей, үш әріптен тұратын кодты ауыстыру — IATA тарапынан реттелетін халықаралық процедура. Бұл процесті бастау үшін: тиісті негіздемелер жинақталуы, Атырауға ұшатын барлық әуе компанияларының келісімі алынуы, халықаралық брондау жүйелерімен толық үйлестіру қажет.

"Үш әріптен тұратын кодты өзгерту мәселесі қазіргі таңда қаралу үстінде. Бұл бағытта әуежай мен әуе компаниялар өкілдерімен талқылау жоспарланған", — деді Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Дархан Қатышев. 

Айта кетейік, мұндай мәлімдемелер осыдан бес жыл бұрын да айтылған болатын. Сол кезде де келіссөздер жүргізу қажеттігі айтылып, нақты нәтиже болмаған. Сол кезден бері бұл мәселе алға жылжымаған күйде қалып отыр. 

Кей адамдар үшін GUW коды — техникалық ғана белгі. Ал өзгелер үшін бұл — қаланың қазіргі атауы мен халықаралық стандарттағы таңбасының сәйкес келмеуі. Цифрландыру мен өңірлік бірегейлік маңызды саналатын заманда мұндай сәйкессіздіктер қала беделіне тікелей әсер етеді.

Әлемде әуежай кодын ауыстырудың мысалдары аз емес. Тіпті Қазақстанның өзінде де мұндай тәжірибе бар — елорда әуежайының коды TSE-ден NQZ-ге өзгертілген болатын. Неліктен Атырау үшін бұл мүмкін бомлай отыр? Бұл сұрақ әлі де ашық күйінде қалып отыр.

Азаматтық авиация саласына жауапты ведомство нақты мерзім де, нақты шешім де ұсынған жоқ. Қазіргі жағдайдан байқауға болатыны — бұл үдеріс тым баяу жүруде немесе мүлде қозғалыссыз қалған.

Әзірге Атырау халықаралық әуежайы бұрынғы GUW кодын қолдануды жалғастыруда, өткеннің белгісі бүгінде әлі де билеттерде жазылған.

Айгүл МАНСУРОВА

25 шілде, 12:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.