Атырау, 6 желтоқсан 12:10
 ашықВ Атырау +3
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Атырау маңынан XIII ғасырдың күміс тиындары табылды

Бейнежазба
486 рет қаралды
Сурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Атырау облысында «Ақтөбе-Лаэти» ортағасырлық қалашығында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде сирек кездесетін көне күміс тиындар табылды. Археологиялық зерттеуді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің археологтары жүргізді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Табылған монеталар Алтын Орда дәуіріне, нақтырақ айтқанда, Жошы Ұлысының билеушісі Меңгу-Темір ханның тұсына тиесілі. Монеталарды зерттеген ресейлік нумизмат-ғалым Павел Петров оларды XIII ғасырдың екінші жартысына жатқызды.

— Құйма ақшаның бір бетінде Меңгу-Темір ханның таңбалары, екінші жағында Қытай иероглифтері бейнеленген. Бұл дерек Құбылай хан ұрпақтары мен Шағатай ұлысы арасындағы тарихи шиеленістермен байланысты болуы мүмкін, — деді археолог Амангелді Мұғауұлы.

Қазба барысында сондай-ақ бүтін күйінде «Тағара» атты керамикалық ыдыс та табылған. Археологтардың айтуынша, бұл артефакт сол дәуірдің тұрмыстық мәдениетін зерттеуде маңызды рөл атқарады.

— Соңғы жылдары бұл аймаққа ерекше назар аударылып келеді. Қалашықтың 53 гектар аумағы толық қоршалды. Жақын болашақта бұл жерді ашық аспан астындағы музейге айналдыру жоспарда бар, — деді облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Толыбай Достыбаев.

Зерттеу жұмыстарына университеттің тарих факультетінің студенттері де қатысқан. Қазір археологиялық жәдігерлер 500 шаршы метр аумақтан аршылып, оқу ордасының зертханаларында ғылыми сараптамадан өтуде.


25 шілде, 11:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.