
Құрманғазы ауданы Теңіз ауылында 26 шілде күні Lotus Fest – 2025 халықаралық фестивалі өтуіне байланысты, жергілікті тұрғындар мен қонақтарға ыңғайлы болу үшін әкімдік арнайы маршрут іске қосылғанын хабарлады.
26 шілде күні қоғамдық көлік Құрманғазы ауылындағы "Серпер" сауда орталығынан халықаралық шара өтетін Теңіз ауылына дейін қатынайды. №6 автобус 07:30-дан 22:00-ге дейін жұмыс істейді, жол ақысы 100 теңге.

Бұл Атырау облысындағы жаздың ең жарқын мәдени оқиғаларының бірі өтетін кезде үздіксіз және қолжетімді көлікпен қамтамасыз ету үшін ұйымдастырылған.
Естеріңізге сала кетейік, 26 шілдеде Теңіз ауылында Lotus Fest – 2025 лотос фестивалі басталады. Қонақтар үшін киіз үйлер тігілді. Сондай-ақ концерт, театрландырылған қойылымдар, көрме, қолөнер бойынша шеберлік сыныптары және ұлттық ойындарды тамашалай алады. Басты ерекшелігі — гүл атқан лотос алқабында қайықпен серуендеу.
Ауданда фестиваль алаңын абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Лотос гүлдерін бақылау үшін жүзбелі платформалар орнатылды — олар өсімдіктерді жақыннан көруге және жарқын фотосуреттер жасауға мүмкіндік береді. Инфрақұрылымға да ерекше назар аударылып, ыңғайлы және қауіпсіз болуына мән берілген. Мәселен, алаңға апаратын көпір жарықтандырылып, кешкі сағаттарда қауіпсіздік қамтамасыз етіледі.
Теңіз ауылында жағажай абаттандырылып, оның ішінде инклюзивті туризм қағидаттары ескерілді: мүмкіндігі шектеулі адамдардың келуі үшін жағдай қарастырылған. Сондай-ақ аумақта сәндік мүсіндер орнатылып, фотоаймақтар жабдықталды. Қонақтардың табиғат аясында жайлы демалуы үшін көлеңкелі шатырлары бар беседкалар орналастырылған.
Фестивальді ұйымдастырушылар Lotus Fest – 2025 тек жарқын мәдени оқиға ғана емес, сонымен қатар өңірдегі экологиялық туризмді дамытуға серпін береді деп есептейді.
В Атырау +3