Атырау, 6 желтоқсан 12:10
 ашықВ Атырау +3
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

​2025 жылдан бастап Атырауда осал топтар үшін МӘМС жарналары төленеді

439 рет қаралды
Ашық дереккөзден алынған сурет

Атырау облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне тұрғындарды тарту қарқынды түрде артып келеді. Қазіргі таңда өңірдегі халықтың 87,5%-дан астамы, яғни 622 143 адам сақтандырылған. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Атырау облыстық филиалының директоры Ғаниет Сәлімғали өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Ғаниет Сәлімғалиның айтуынша, сақтандырылғандардың 440 мыңы жеңілдік санатына жатады, және олардың сақтандыру жарналарын мемлекет өз қаражаты есебінен төлеп отыр. Дегенмен, 88 646 азаматтың сақтандыру мәртебесі жоқ, оның ішінде 17 411 адам әлеуметтік осал топтарға жатады.

МӘМС туралы заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, келер жылдан бастап жергілікті атқарушы органдар экономикалық және әлеуметтік қиын жағдайдағы азаматтар үшін (D және E деңгейі) сақтандыру жарналарын төлеуге міндетті болады.

Сонымен қатар, бұрын сақтандыру жарнасы төленбеген жағдайда мәртебе 3 айға ғана сақталса, енді азамат 5 жыл бойы тұрақты жарна төлеуі жағдайында жұмысынан айырылғанда сақтандыру мәртебесі 6 айға дейін сақталады. Бұл кезеңде ол медициналық көмектен айрылмайды, дегенмен кейін төлемді өтеуі қажет.

Атырау облысының Денсаулық сақтау басқармасы медициналық көмекті ұйымдастыру жөніндегі орынбасары Алмагүл Әбілованың айтуынша, сақтандыру мәртебесі бар азаматтар үшін облыста алғашқы медициналық-санитариялық көмек пен мамандандырылған қызметтер сапалы және қолжетімді түрде көрсетілуде.

– Медициналық сақтандыру жүйесі арқылы тұрғындар тегін консультативтік-диагностикалық қызметтерді, жоғары технологиялы операцияларды, стационарлық және күндізгі стационарлық көмекті, сондай-ақ созылмалы ауруларды басқару бағдарламасын пайдалана алады, – деді ол.

Сонымен қатар, ресми түрде жұмыссыз болып тіркелген азаматтар да жергілікті бюджет есебінен МӘМС жүйесіне енгізіледі. Бұл әкімдіктерге халықты жұмыспен қамту мен кедейлікті азайту бойынша қосымша міндеттер жүктейді.

24 шілде, 17:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.