
Эстония үкіметі Беларусьтің 273 азаматына, оның ішінде республика президенті Александр Лукашенкоға да, елге кіруге мерзімсіз тыйым салды. Бұл туралы Коммерсантъ Эстонияның Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.
Таллин Минскіге қарсы алғашқы санкцияларды 2020 жылы, Беларусьтегі президенттік сайлаудан кейін басталған жаппай наразылықтар кезінде енгізген болатын. Шектеулерді ұзартуға бастамашы болған – Эстонияның сыртқы істер министрі Маргус Цахкна.
— Соңғы бес жылда ешқандай оң өзгеріс болған жоқ. Біз жалғасып жатқан репрессияларға көз жұма алмаймыз. Сондықтан санкциялар мерзімсіз сақталуы тиіс, — деді министр.
Санкциялық тізімге Лукашенкодан бөлек, Беларусьтің жоғары лауазымды шенеуніктері, судьялары және қауіпсіздік органдарының қызметкерлері де енген.
Еуроодаққа мүше барлық елдер 2020 жылғы Беларусьтегі президент сайлауының нәтижесін мойындамаған және санкцияларды кезең-кезеңімен енгізіп келеді. 2024 жылдың жазының өзінде-ақ шектеу шараларының саны 1000-нан асып кеткен. Сонымен қатар Балтық елдері — Латвия, Литва және Эстония — Беларусь нөмірімен жүретін көліктерді өз аумағына кіргізбеу туралы шешім қабылдаған.
В Атырау +4