Атырау, 6 желтоқсан 13:36
 бұлттыВ Атырау 0
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Атырауда су құбырының жарылуынан үйлер қирап жатыр

Сурет
668 рет қаралды

Атырау қаласы, Самал ықшамауданы, №8 көше тұрғындары жер астындағы су құбырының жарылуына байланысты үйлерінің іргетасы отыра бастағанын айтып дабыл қақты. Жердің шөгуі салдарынан қабырғалары жарылып, бір үй апатты деп танылған. Қалған көршілер де үйлерінің қауіпсіздігіне алаңдаулы. 

Тұрғындардың айтуынша, әкімдік бес жыл бойы бұл жағдайды жерасты суының табиғи қозғалысы деп түсіндіріп келген. Алайда мәселенің нақты себебі биыл ғана анықталған: су құбыры жарылып, топырақты шайып отырған. 

Осы көшедегі №6 үйдің тұрғыны Саржанов Алтынбек 2012 жылы заңды жер теліміне өз үйін салған. Барлық құжаттары заңды, құрылыс нормалары мен ережелеріне (ҚНжЕ) сай жүргізілген. Үй мықты іргетаспен тұрғызылып, он жылдан астам уақыт еш ақаусыз болған. 

– 2019 жылдан бастап үйге жақын маңда орналасқан 315 мм магистральді су құбырынан су ағып жатқанын байқадық. Бұл құбыр «Атырау облысы СуАрнасы» ШЖҚ-ның балансында. Жыл сайын апатты қызмет шақырғанымызбен, су кету тоқтамады. Топырақ тығыздығы қалпына келтірілмей, жер астына су сіңе берген. Соның кесірінен үй астындағы топырақ шайылып, қабырғаларда бірнеше жарық пайда болды. Қазір үйіміз апатты деп танылды, – дейді тұрғын. 

2023 жылдың көктемінде топырақ мүлде шөгіп, үлкен шұңқыр пайда болған. Жол деңгейі 25–30 см-ге төмендеп, үйді тұруға қауіпті деп тануға негіз болған. 

– Су арнасы мамандары бұған дейін «Грунтовый су» деп, мәселені елеусіз қалдырды. Ал 2024 жылы ғана апаттың нақты себебі – магистральді құбырдан кеткен су екені анықталды. Бұл учаскеде 2019 жылдан бастап су сызаттан үздіксіз ағып, топырақты шайып отырған, – дейді тұрғындар. 

Олардың айтуынша, бұл жағдай тек бір үймен шектеліп қалмай, бүкіл көше үшін қауіп туғызуы мүмкін. 

№8 көше тұрғындары Атырау облысы әкімдігіне, Президент Әкімшілігіне, Бас прокуратураға, «AMANAT» партиясына және жергілікті әкімдікке жазбаша үндеу жолдады. Онда олар: 

Үй мен жер телімін тексеру үшін ведомстволық комиссия құруды; 

Апат себебін анықтайтын техникалық сараптама жүргізуді; 

Топырақты қайта нығыздап, шөгу қаупін жоятын шараларды шұғыл қолға алуды; 

Жауапты коммуналдық ұйымдарды жағдайды қалпына келтіруге міндеттеуді; 

Лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарауды талап етті. 

«АЖ» тілшісі әкімдіктен апаттың зардабын жою және тұрғындарға өтемақы төлеу мәселесі жөнінде сұрау салды. Алайда жергілікті билік: 

– Азамат сотқа жүгінуі керек. Бұл мәселеге қатысты шешімді тек сот қабылдай алады, – деп жауап қайтарды. 

Алайда Саржановтың айтуынша, ол бұған дейін сотқа жүгінгенімен, мәселенің басталғанына бес жылдан астам уақыт өткендіктен, талап қою мерзімі өтіп кеткен деген себеппен талап арызын қанағаттандырмаған.

— Сонда ұзақ уақыт бойы апат қызметіне хабарласып, жөндейді деп күткенім үшін мен кінәлімін бе? Енді үйсіз қалдым, ал ешкім жауап бергісі келмейді, — дейді ол.

Бірақ сот та шағымды қабылдамаса, онда қираған үй үшін кім жауап береді?

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ 

24 шілде, 14:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.