Атырау, 6 желтоқсан 13:32
 бұлттыВ Атырау 0
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Құрманғазы ауданында жылқы қырылып жатыр: радиация себеп пе?

492 рет қаралды

Құрманғазы ауданында жылқы малының өлу фактылері тіркелген. Бұл, әсіресе Балқұдық, Сүйіндік ауылдық округінде жиі кездесті. Бұған жергілікті тұрғындар қатты алаңдаулы. 

- Мал неліктен өліп жатырғаны біз үшін жұмбақ күйде қалып тұр. Көршілес елден зымырандар жиі ұшып жатыр. Жақында бір дрон құлады. Оның үстіне бірнеше жылдан сынақ аймағы болғанын ұмытпаймыз. Мүмкін малдың өлуі радиациядан болып жатыр ма. Бұрын да мал арасындағы өлім-жітімді киік көбейіп кенеден жұққан деді. Малдың нақты неден өліп жатқанын айтпай тұр. Сол себептен кешенді зерттеу жұмысы жүруі керек, - дейді тұрғындар. 

"АЖ" тілшісі Құрманғазы аудандық әкімдіктен мынадай жауап алды: 

"Азғыр өңіріндегі (Сүйіндік, Балқұдық ауылдары) осы жылдың мамыр айының соңынан шілде айының ортасына дейін әртүрлі симтомдармен жылқы малы ауырды. Оларға жергілікті ветеринар дәрігерлермен симтоматикалық емдеу жасалды. 3 шілдеде ауру және өлген малдардан сынамалар алынып, аса қауіпті ауруларға қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізуге ветеринариялық зертханаға жіберілді. Нәтижесі қоса хабарланады" делінген. 

Негізі жергілікті ветеринар мамамандардың пайымдауынша жылқылар паразитарлық аурулардан, сонымен бірге уланудан зардап шегуі мүмкін дейді. 

- Қазіргі таңда Азғыр өңірінде жылқы малының өлім-жітімі тоқтады. Жағдай ветеринариялық дәрігерлердің бақылауында тұр. Ал жергілікті тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ, малдың өлімі радиациядан емес, өйткені тоқсанына бір рет зерттеу жұмысы жүріп, судан, басқадан сынама алынып тұр. Енді зертхана  нәтижесін күтудеміз, - дейді аудан әкімінің орынбасары Марат ХАСАНОВ. 

Дегенмен осы кезге дейін қанша бас жылқы шығын болғаны анықталмады. Бұдан бұрын Құрманғазы ауданында белгісіз індеттен түйе малының жаппай қырылуы болып, өлген малдан сынама алынып, тексеруге жіберілген болатын. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

24 шілде, 14:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.