27 тамызда Атырау қаласындағы ПИК қауымдастығының жалпы жиналысында Асылбек МҮЛІКОВ коммуналдық және арендалық баспаналарға қызмет көрсетумен айналысатын «Атырау қаласындағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС-не директор боп тағайындалуына байланысты төраға лауазымынан босатылды. ПИК қауымдастығының жаңа басшысы боп Гүлнәр САЛИХОВА сайланды.
1997 жылдан 2006 жылға дейін ол ПИК қауымдастығына басшылық етті. 2006-2008 жылдары «Мұратжан» ПИК-нің төрағасы болды. 2011 жылы ПИК қауымдастығы жаңадан құрылған уақыттан бастап төраға орынбасары боп қызмет атқарды.
Міндетін атқаруға кіріскен Г.Салихова «АЖ»-ға бірінші кезектегі міндеттерді атады:
- Қалада иесі жоқ сыртқы желілер – жылу, ыстық сумен қамту және электр қуатының тораптары бәленбай шақырымдап саналады. Оларды қызмет көрсетушілердің балансына беру керек. Қызмет көрсетушілердің жалпыүйлік жылу есептегіш аспаптарды орнатуына көмектескен жөн. Қыркүйекте Ақтөбеде, Астана мен Алматыда кондоминиум ұйымдарының (ПИК) басшыларының біліктілігін көтеру курстары басталады. Осы мүмкіндікті пайдаланып, қалалық ПИК төрағаларының кәсіби деңгейін көтеру қажет.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ