Атырау, 26 қараша 04:27
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Тұйық шеңбер

2 218 просмотра

СМП-163 ықшам ауданына қарасты Коттеджная көшесінің тұрғындары жыл сайын жергілікті билікке коммуналдық мәселелерінің шешіп беруін сұрап хат жазғаннан түк шықпағанынан әбден шаршады.

Кезінде қаланың барлық көшелері асфальттанып болды деген мәлімдемелер айтылып еді. Алайда әзірге бәрі нәтижесіз.

- Біздің көше асфальтталмаған, жаңбырлы күндері мына жермен жүру мүмкін емес. Осы уақытқа дейін 2010 жылы қала әкіміне, «Нұр Отанға» талай мәрте хат жазып, шығып жүрміз. Бірақ тек уәде берумен келеді, - дейді көше тұрғыны Серік АЛДАШЕВ.

- Су құбыры әбден тозған, қыста үнемі тұрбалар жарылып, үйлердің суға кеткен жағдайлары болды. Жарық мәселесі де мәз емес, біздер ЭЧ-4 мекемесіне қараймыз, электр кернеуі өте төмен, несиеге алған үй тауарларын қолдана алмай отырмыз, мынадай ыстықта салқындатқыштарымызды қоса алмаймыз, себебі жанып кете береді. Ал асфальт көрмеген жол тіпті күйсіз, жедел жәрдем көлігі кіре алмайды, асфальт төселу керек жердің бір бөлігі сатылып кеткен бе, біреулер қазып, топырағын алып кетті, енді шұңқырдың іші суға толып, жаз кезінде жағымсыз иіс пайда болады. Біз талай жауапты органдарға хабарлағанмен, еш нәтиже жоқ.

Біз қала әкімдігіне хат жолдап, қала әкімі орынбасары Жұмабай ҚАРАҒАЕВТАН төмендегідей жауап алдық: ««ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының 60 бабының 1 тармағына сәйкес, ағымдағы жылы асфальт төсеу және су құбырына күрделі жөндеу жұмыстары жобалау-сметалық құжаттары жасақталған нысандарға жүргізіледі, ал СМП-163 Коттеджная көшесіне асфальт төсеу және су құбырына күрделі жөндеу жұмыстары жобалау-сметалық құжаттарын жасақтауды қажет ететін нысандардың тізіміне енгізіледі. Сонымен қатар, көшедегі тұрғын үйлерді электрмен қамтып тұрған әуе электр желісі Атырау Темір Жолының ЭЧ-4 мекемесінің теңгерімінде екенін қаперіңізге бере отыра, аталған желіні коммуналдық меншікке қабылдау үшін күрделі жөндеу жұмыстарын жасақтау қажет. Осы жұмыстар жүргізілгеннен кейін коммуналдық меншікке қабылдау мәселесі шешілетін болады».

Ал электр қуаты туралы біз ЭЧ-4 мекемесінің бас инженері Мұсылман ҒАЛИДЕННЕН төмендегідей комментарий алдық:

- Электр бағандары біздің мекемеге тиісті, бірақ халық жарық үшін ақшаны «Теміржолэнергоға» төлейді, ал олар өз кезегінде біздің желілерді пайдаланғаны үшін транзитті қаржы аударады. Тұрғындарға жер беріледі, бірақ оларды электрмен қамту мәселесі қарастырылмайды, сондықтан олар біздің желілерге қосылып жатады. Ал біздің желілер ескірген, қосымша подстанция салуды қажет етеді, ал ол жағын ешкім ойлай бермейді. Негізі, 5-6 жыл бұрын осы мәселе қозғалып, жобалық құжаттар жасалған болатын, алайда бұл көп қаражатты талап ететін болғандықтан, мәселе жабулы күйінде қалып қойды. Ал «Атырау-Жарыққа» беру мәселесін қалалық әкімдік қарастыру керек».

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суретті түсірген автор

5 қыркүйек 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.