
Атырау облысының 1500-дей тұрғыны тегін құқықтық көмекке жүгінді.
Атыраудағы Кеңес беру орталығына жыл басынан шілдеге дейін 1447 адам жүгініп, азаматтық, әкімшілік, еңбек, отбасы, қаржылық, жер және қылмыстық құқық салалары бойынша кеңес алды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Тұрғындардың көбі:
- неке бұзу,
- алимент өндіру,
- балалармен кездесу тәртібі,
- мүлікті бөлу,
- еңбек даулары,
- тұрғын үй кезегі,
- электронды цифрлық қолтаңба,
- медициналық қызметке байланысты шағым түсірген.
Ақпараттық құқықтық кеңес беру орталығының заңгері Бауыржан Балмағамбетовтың айтуынша, жыл басынан бері 449 азамат тікелей қабылдауда тегін құқықтық көмек алды.
Атырау облыстық Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған сотпен бірлескен жұмыс нәтижесінде ажырасуға өтініш берген 268 жұптың 52-сі татуласуға шешім қабылдады.
Кеңседегі қызмет облыс орталығымен шектелмейді. Қаңтар-маусым аралығында Атырау қаласынан бөлек 12 елдімекенде 200-ден астам азаматқа құқықтық көмек көрсетілді.
Құрылым екінші жартыжылдықта Атырау қаласы мен аудан орталықтарында Ашық есік күндері мен көшпелі қабылдаулар өткізбек. Сонымен қатар мектептерде ата-аналар мен оқушыларға арналған жанжалсыз қарым-қатынас тақырыбында сабақтар, ал кәсіпорындар мен ауылдық жерлерде жас отбасыларға арналған тренингтер ұйымдастыруды әрі жылжымалы психолог кабинеттерін іске қосуды жоспарлап отыр.
Бұл бастамалар құқықтық сауаттылықты арттыруға және отбасылық, әлеуметтік жанжалдардың алдын алуға бағытталған.
В Атырау 0