
Авангард 4-ықшамауданы №18 үйдің 20-дан астам тұрғыны электр жарығына қатысты мәселелерді айтып, әкімдікке, "Атырау Жарық" ЖШС мекемесіне және Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне бейнеүндеу жолдады.
Тұрғындардың айтуынша, үйдегі электр кернеуі 220 мен 80 вольт арасында құбылып тұрады, жиі сөнеді, ал қосылғанда үйдегі шамдарда түрлі түсті "шоу" пайда болады. Салдарынан тұрмыстық техникалар жанып кетіп, кейбір тұрғындар құрылғыларын мүлде қоспай қойған.
- Кір жуғыш машина толық жұмыс істемейді, салқындатқыш құрылғы кернеудің жеткіліксіздігінен үйді салқындатпайды. Тіпті күндіз-түні дұрыс демала алмай отырмыз, – дейді үй тұрғыны Людмила Миралиева.
Бұған дейін тұрғындар ПИК-ке шағымданып, төрағаны ауыстырған, алайда мәселе шешілмеген. Үйде жалпы жиналыс өткізіліп, тұрғындар жағдайды қайта талқылап, ПИК-тен жауап алуға тырысқан. Сол кезде белгілі болғандай, үйдің ауласындағы тіреуіш бағана осыдан бірнеше жыл бұрын орнатылғанымен, бұл тіреуіш пен кабель "Атырау Жарықтың" да, КСК-ның да балансында жоқ болып шықты.
- Атырау Жарыққа хабарласқанымызда, олар ауызша түрде 'бұл сымдар бізге де тиесілі емес' деп жауап берді. – дейді тұрғындар.
Тұрғындардың бірі:
- Мен зейнеткермін. Ыстықтан қан қысымым көтеріліп, күн сайын жедел жәрдем шақырамын. Ал сымды ауыстыру үшін миллиондап ақша төлей алмаймын, – деп мұңын айтты.
Бұл мәселеге қатысты "Атырау Жарық" ЖШС түсініктеме берді. Ресми мәліметке сәйкес, Авангард 4-шағын ауданындағы №18 үй ТП-10/0,4кВ №248/1 трансформаторлық подстанциясынан 0,4 кВ әуе желісі арқылы электрмен қамтамасыз етіледі, ал бұл желі КСК балансында.
- Компания қызметкерлерінің тексерісі нәтижесінде, кернеу ауытқуының себебі – электр желісінде қолданылып жатқан АС - 35 мм маркалы сымның қуатты жеткізе алмауы екені анықталған. Осыған байланысты, тұрғын үйдегі кернеуді тұрақтандыру үшін Атырау қалалық ТКШ басқармасының қолдауымен АС - 35 мм сымын СИП - 4х70 сымына ауыстыру және кейбір тіректерді жаңарту жұмыстары жоспарлануда, деді «Атырау-Жарық»
Атырау қалалық әкімдігі де бұл жағдайға қатысты пікір білдірді. Аталған тұрғын үйде электр энергиясының тапшылығы байқалуда. Бұл мәселе трансформатордан үйге дейін тартылған әуе электр желісінің техникалық қуаттылықты көтере алмауына байланысты туындаған. Аталған әуе желісі иесіз мүлік ретінде тіркелген.
- Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, қалалық ТҮКШ және ТҮИ бөлімімен бірлесіп, “Атырау Жарық” ЖШС тарапынан аталған әуе желісін жаңарту және қайта құру жұмыстары жүргізілетін болады, - деді әкімдіктің баспасөз қызметі.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
В Атырау 0