Атырау, 5 желтоқсан 08:20
 бұлттыВ Атырау +4
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

Бангладеш астанасында әскери ұшақ құлап, 27 адам қаза тапты

288 рет қаралды

Бангладештің әскери-әуе күштеріне тиесілі оқу ұшағы ел астанасы Даккада апатқа ұшырап, мектеп кампусының аумағына құлады. Соның салдарынан кемінде 27 адам қаза тауып, 170-тен астам адам жарақат алды. Қаза тапқандардың арасында 25 бала мен ұшқыш бар, деп хабарлайды BBC News Русская служба.

Бұл туралы елдің Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Сайедур Рахман мәлімдеді. Оның айтуынша, 78 адам түрлі ауруханаларда ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды AFP.

Билік өкілдерінің айтуынша, ұшқыш жоспарлы оқу жаттығуын орындау барысында техникалық ақау туындаған. Апаттың нақты себебі анықталуда.

Куәгерлердің сөзінше, F-7 BGI оқу ұшағы Дакка қаласының Уттара ауданында орналасқан Milestone School and College екі қабатты ғимаратына тікелей соғылған. Мектептің бақылау камераларында апаттан кейін өрт шығып, қалың түтін көкке көтерілгені көрініп тұр.

Ұлттық күйік және пластикалық хирургия институтының дәрігері 50-ден астам бала мен ересектің күйік шалған жарақатпен ауруханаға жеткізілгенін хабарлады.

Оқиға орнында жедел құтқару қызметінің тоғыз бөлімі және алты жедел жәрдем көлігі жұмыс істеуде. Құтқарушылар өртенген қирандылар арасынан аман қалғандарды іздеуде.

Бангладеш Қарулы күштері бұл апатқа әуе күштерінің оқу ұшағының қатысы бар екенін растады. Ұшақ 13:06-де ұшып шыққан. Ұшқыш ұшақтағы техникалық ақаудан кейін халық аз шоғырланған жерге қондыруға тырысқан.

Бангладештің уақытша үкіметінің басшысы Мухаммад Юнус әлеуметтік желідегі жазбасында бұл оқиғаны «ұлт үшін үлкен қасірет» деп атап, жарақат алғандарға тез сауығу тілеп, барлық мемлекеттік органдарға жағдайға аса жауапкершілікпен қарауды тапсырғанын мәлімдеді.

Оқиғаға байланысты 22 шілде, сейсенбі – елде аза тұту күні деп жарияланды. Мемлекеттік мекемелерде ұлттық ту түсіріледі.

22 шілде, 12:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.