
Экология министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда Атырау облысында 5 миллионнан астам ағаш отырғызылған, деп хабарлайды Nege.Aqsha.
Ведомство 2021–2025 жылдар аралығында қай облыста қанша ағаш отырғызылғанын көрсететін деректер таратты.

Мәселен, 2021 жылы өңірде 1 039 600 ағаш отырғызылса, 2022 жылы – 1 534 600, 2023 жылы – 1 584 600, ал 2024 жылы – 971 мың ағаш отырғызылған. Ал 2025 жылдың алғашқы жартысында 244 100 ағаш егілген.
Сондай-ақ, биыл Атырау қаласының өзінде 50 мың ағаш отырғызу жоспарланып отыр.
Экология вице-министрі Нұркен Шарбиевтің айтуынша, отырғызылған жасыл желектерді спутниктік суреттер мен геосервистер арқылы расталған. Учаскелердің координаттары картаға енгізіліп, техникалық қабылдаудан кейін деректерді орман иелері өздері жүктейді.
Дегенмен, Шарбиев кейбір екпелердің спутниктен көрінбейтінін мойындады:
— Орман екпелері дамудың алғашқы кезеңдерінде (1–3 жыл) әлі бой көтермегендіктен, орта және төменгі рұқсаттағы спутниктік суреттерден көрінбеуі мүмкін. Себебі олардың биіктігі мен жапырақ жайған алаңы тым аз. Жас ормандардың анық көрінуі, әдетте, 5–7 жылдан кейін байқалады. Сондықтан спутниктен көрінбеуі олардың жоқ екенін білдірмейді, бұл – орман қалыптасуының табиғи ерекшелігі, – деді ол.
Министрліктің дерегіне сүйенсек, 2021–2024 жылдар аралығында орман екпелерінің орташа тіршілікке бейімделу көрсеткіші қылқан жапырақты ағаштарда – 45,9%, ал жапырақты ағаштарда – 52,7%-ды құраған. Ағаштар дұрыс өсіп шықпаған аймақтарда әкімдіктер оларды нормативке сай қалыпқа келтіруге уәде берген.
В Атырау 0