
Қостанай облысының Тобыл қаласында өрт-құтқару спортынан республикалық деңгейде өткен жарыста Атырау командасы тамаша өнер көрсетті.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Сайысқа еліміздің барлық өңірінен 22 команда қатысып, спортшылар төрт кезең бойынша өзара бақ сынасты. Жарыс аясында ерлер арасындағы XXXI жазғы чемпионат, әйелдер арасындағы XI чемпионат, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы XIV жазғы чемпионат ұйымдастырылды.
Негізгі мақсат – өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың кәсіби шеберлігін, физикалық дайындығын және төтенше жағдайларда жедел әрекет ету дағдыларын жетілдіру.
Атырау қаласы ТЖБ бастығының орынбасары Айбек Құспанғалиев Атырау облысы ТЖД өрт-құтқару спорты құрама командасы сайысқа жақсы дайындалғанын атап өтті.
"Барлығы жақсы дайындалған. Жарыс стадионда өтті, жағдайлар қолайлы болды. Жүлделі орын алу – үлкен еңбек пен жауапкершіліктің нәтижесі. Жаз бойы Томарлы стадионында тұрақты дайындалдық. Соның арқасында жақсы нәтиже көрсете алдық".
Шабуыл сатысымен көтерілу кезеңінде құтқарушы Ерсаинов Дәурен жекелей есепте III орын иеленіп, ҚР спорт шебері нормативін орындады. Бұл – Атыраудан шыққан тұңғыш спорт шебері.
4х100 өрт-құтқару эстафетасы бойынша команда II орынға ие болды. Жалпыкомандалық есепте Атырау облысы алтыншы орынды иеленді.
В Атырау 0 


