
Балықшы шағынауданында орналасқан Ә.Жангелдин атындағы 620 орындық орта мектеп пен 588 оқушыға арналған Ш.Уәлиханов атындағы №9 орта білім беретін оқу ордасы және 200 бүлдіршінге арналған №27 «Ақбота» балабақшасында қарқынды түрдегі күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Ә. Жангелдин атындағы мектептегі жұмыстар 85% аяқталды, жоспарға сәйкес 25 тамызға дейін толық тәмамдалмақ. Мұнда 50 адам мен 4 техника қамтылған.
№9 Ш.Уәлиханов атындағы мектепте жөндеу жұмыстарының басталғанына он бес күн болды. Нысанды тапсыру уақыты — желтоқсан айы. Онда 30-ға жуық адам мен екі техника жұмыс істеуде.
№27 балабақшаның сыртқы қасбеті мен инфрақұрылымы толығымен ауыстырылады. Балабақша аумағында 20-ға жуық адам еңбек етуде. Жоспарға сәйкес бұл жұмыстар 19 тамызда аяқталады.
Қос мектеп пен балабақшаның есік-терезелері, сыртқы қасбеті, шатыры ауыстырылып, қабырға-едендері жөнделуде. Сондай-ақ инфрақұрылымы да алмастырылып, толықтай көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі.
Атырау қалалық Білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенованың айтуынша, оқу ордаларына күрделі жөндеу өткізудегі мақсат — балалардың қауіпсіз, таза, заманауи жерде білім алуын қамтамасыз ету. Күрделі жөндеу жұмыстары жергілікті бюджет арқылы жүзеге асуда.
Жөндеудегі мектептің оқушылары жақын маңдағы оқу ордаларына ауыстырылды. Атап айтсақ, Ә.Жангелдин атындағы орта мектеп оқушылары №6 М.Мөңкеұлы атындағы жалпы білім беретін мектепке ауысса, №9 мектептің бастауыш сынып білім алушылары №3 мектеп-гимназияға, жоғарғы сынып шәкірттері №21 Ж.Жабаев атындағы орта мектепте білім алады.
Сондай-ақ Атырау қаласындағы барлық мектеп кезекті жөндеу жұмыстарынан өтуде. Жаңа оқу жылына дайындық мәресіне жете келді.
Айта кетейік, былтыр қалада төрт білім ордасы күрделі жөндеуден өткен. Олар: Ю.Гагарин атындағы №4, У.Атамбаев атындағы №8, А.Байтұрсынов атындағы №23 орта мектептер және Дамба ауылдық округіндегі жалпы білім беретін «Амангелді» орта мектебі.
В Атырау 0