
«Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватына қарасты Шалыга аралында құстардың жаппай қырылуына қатысты мамандар мониторинг жүргізіп, 253 құстың өлексесін анықтады.
Қырылған құстың арасында 86 қылаң қарабас шағала (Larus ichthyaetus), 134 өгіз шағала (Larus cachinnans) және түрі анықталмаған 33 құс болған. Резерват мамандарының айтуынша, құстың өлексесінен механикалық жарақат немесе адам әрекетінен болған іздер табылмаған.
Алдын ала болжам бойынша, бұл – табиғи құбылыс. Мамандардың айтуынша, құстың жаппай қырылуына жас балапандардың жеткілікті қоректене алмауы, туа біткен аурулар, басқа жыртқыш құстар мен аңдардың шабуылы себеп болуы мүмкін. Бақылау кезінде аралда жыртқыш аңдардың ізі мен кеміргіштер де байқалған.
Құстардың нақты өлім себебін анықтау үшін 2025 жылғы 20 шілдеде үш шағала өлексесі Астана қаласына жіберілді. Олар «Ветеринария бойынша Ұлттық орталықта» улану мен аса қауіпті ауруларға зерттелмек. Қорытындысы кейін белгілі болады.
Қазіргі уақытта резерват қызметкерлері күнделікті бақылау жұмыстарын жалғастырып жатыр. Сонымен қатар, арал аумағында тұрмыстық және табиғи қалдықтардың жиналуы жиі тіркелетіндіктен, ауа райының қолайлы сәттерінде тазалық жұмыстары – сенбілік ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
В Атырау 0