
20 шілде күні Ресейдің Камчатка өлкесінде бірнеше қуатты жер сілкінісі тіркелді. Ең жоғарғы магнитудасы – 7,6 балл. Бұл туралы Ресей ғылым академиясының Біріккен геофизикалық қызметінің Камчатка филиалы хабарлады.
Жер сілкіністері Тынық мұхиты акваториясында орын алып, бірнеше ауданда цунами қаупі жарияланды. Камчатка УГМС цунами орталығының мәліметінше, су толқынының биіктігі Алеут муниципалдық округінде – 60 см-ге, Усть-Камчат ауданында – 40 см-ге, ал Петропавл-Камчатск қаласында – 15 см-ге дейін жетуі мүмкін.
Геофизикалық қызметтің дерегінше, 20 шілде кешкісін мұхит акваториясында бірнеше жер сілкінісі тіркелген. Солардың бірі 52.70°СЕ, 161.10°ШЕ координатасында, 13 км тереңдікте орын алған. Магнитудасы – 7 балл. Эпицентр Петропавл-Камчатск қаласынан 167 шақырым шығысқа қарай орналасқан. Кейбір аудандарда дүмпу күші 5 баллға дейін сезілген.
Тағы бір жерасты дүмпуі 52.54°СЕ, 160.16°ШЕ координатында, 17 км тереңдікте тіркелді. Бұл сілкіністің магнитудасы 7,6 балл болды. Ол Петропавл-Камчатскіден 115 шақырым шығысқа қарай орналасқан. Жер сілкінісі Петропавл-Камчатск, Вилючинск және Елизово аудандарында 7 баллға дейін сезілген.
Ресей ТЖМ тұрғындарға қауіпсіздік мақсатында жағалаудан 30-40 метр биіктіктегі аймақтарға көшуге кеңес берді. Сондай-ақ, жағалау маңындағы су көліктері 50 метрлік тереңдікке дейін мұхитқа шығып, жағалауға перпендикуляр бағытпен жүруі қажет.
Камчатка өлкесінің губернаторы Владимир Солодов жер сілкіністерінің болғанын растады. Ол афтершоктардың (кейінгі дүмпулердің) әлі де болуы мүмкін екенін ескертті. «Цунами туралы ескерту жүйесі қалыпты жұмыс істеді. Қазіргі уақытта барлық медицина мекемелері тексерілді, білім беру және әлеуметтік нысандар да қаралуда. Айтарлықтай зақым тіркелген жоқ», – деді ол.
В Атырау +4