Атырау, 6 желтоқсан 14:52
 бұлттыВ Атырау 0
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Маңғыстауда мұнай компанияларының ас мәзіріне шұбат қосылады​

601 рет қаралды

ChatGPT жасаған сурет


Маңғыстау облысында мұнай компанияларының ас мәзіріне шұбатты қосу туралы шешім қабылданды.

Бұл бастама бір жағынан мұнайшыларды сапалы әрі экологиялық таза өніммен қамтуды көздесе, екінші жағынан өңірдегі ауыл шаруашылығын қолдауға үлкен серпін береді, деп хабарлады Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Бұл мәселе мұнай-газ компанияларының жауапты бөлім басшылары, сондай-ақ жұмысшыларды тамақтандыруды қамтамасыз ететін мердігер ұйымдардың өкілдері қатысқан жиында қаралды. Ас мәзіріне шұбатты енгізу туралы ұсынысты облыс әкімінің орынбасары Тілек Қошмағамбетов айтты. 

Өз кезегінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ өкілдігі бұл бастаманы қолдауға әзір екенін білдіріп, жергілікті өнімдерді сатып алу көлемін арттыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.

«Жаңаөзен сүт зауыты» ЖШС-нің өкілдері кәсіпорынның қазіргі жұмысы туралы баяндап, жеткізіліп жатқан сүт өнімдерінің сапасы мен көлеміне тоқталды. Сонымен қатар, зауыттың құрғақ түйе сүтін өндіру бойынша жаңа жобасы арқылы жыл бойы тоқтаусыз сүт өнімдерін жеткізуге қатысты жоспарлары таныстырылды. Бүгінде аталған кәсіпорын 20-дан астам шаруа қожалығымен тығыз байланыста жұмыс істеп, түйе сүтін қабылдау арқылы табиғи шұбат өндіруде. Алдағы уақытта зауыт жаңа өндірістік бағытты іске қосып, облыс көлемінде түйе сүтін қабылдау пункттерін ашуды жоспарлап отыр.

18 шілде, 16:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.