
Атырау облысында жыл басынан бері 300-ден астам киберқылмыс тіркелген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Полиция мәліметінше, интернеттегі алаяқтар көбіне WhatsApp, Instagram, Telegram, Facebook желілерін, шетелдік нөмірлер мен фейк аккаунттарды пайдаланады. Бүгінде 50-ге жуық күдікті ұсталып, 133 іс сотқа жолданған.
– Киберқылмыстардың көпшілігі жалған интернет-дүкендер, өзін банк қызметкері ретінде таныстыру және фишингтік сілтеме арқылы жеке деректерді ұрлау жолымен жасалады. “Кибербақылау” платформасы арқылы 2000-нан астам фишингтік сайт бұғатталды, – деді облыстық Полиция департаментінің жедел уәкілі Расул Жолдас.
Оның айтуынша, байланыс операторларымен бірлесіп жалған нөмірлерді анықтау және тұрғындарға ескерту SMS хабарламаларын жолдау жұмысы тұрақты жүргізілуде.
Киберқылмыстың алдын алу мақсатында мектептер мен колледждерде арнайы лекциялар ұйымдастырылып, 20 мыңнан астам тұрғын қамтылған.
Сондай-ақ өңірде интернеттегі алаяқтықпен күресетін «Киберпол» жедел тобы жұмыс істейді. Полиция күмәнді жағдай туындаған кезде бірден 102 нөміріне хабарласуға кеңес береді.
В Атырау 0