
Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігі киік етінің көтерме бағасын 1 600 теңге деп бекітті. Бұл жаңалық қоғамда қызу талқы тудырды: фермерлер қуанып жатыр, экологтар алаңдаулы, ал атыраулықтар "бұл дала деликатесінің" дәмін татып көруге бола ма екен деп бағамдауда.
Соңғы жылдары Қазақстанда киіктердің саны күрт артты. Бұдан 20 жыл бұрын бұл жануарлар жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған болса, соңғы авиаесепке сәйкес, тек Батыс Қазақстан облысының өзінде шамамен 2,3 миллион киік тіршілік етуде. 2025 жылдың көктемінде «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК мәліметінше, көктемгі көші-қон кезінде Атырау облысында – Индер, Махамбет және Құрманғазы аудандарында – шамамен 10 мың киік байқалған. Ғалымдардың айтуынша, популяцияның тепе-теңдігін сақтау үшін оның 20 пайызына дейін – яғни шамамен 460 мың басты – еш зиянсыз атуға болады.
Орал популяциясы мекендейтін Атырау облысында киік мәселесі жақсы таныс. Әсіресе Исатай және Құрманғазы аудандарының дихандары зардап шегіп отыр – киік табындары егістік алқаптарға жаппай шығып, өнімді таптап, қоршауларды бұзып, малды үркітуде.
«Көктемде олар легімен өтеді. Оларды не тор, не қоршау тоқтата алмайды. Әкімдікке де, Ауыл шаруашылығы министрлігіне де талай шағымдандық – нәтиже болмады. Енді міне, киік санын бақылауға алғандары жақсы болды», — дейді фермерлер қуана.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, ауланған киіктердің еті өңдеуге жіберіледі — соның ішінде Атыраудағы кәсіпорындарға да. Алайда нақты қай жерлерге жіберілетіні әзірге белгісіз. Сондай-ақ бөлшек саудасы да талқылану үстінде.
«Бағаны әлі есептейміз – бәрі логистика мен өңдеуге байланысты», — деді Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
Атыраудағы аңшылар мен тұтынушылар киік етінің заңды дүкен сөрелерінде пайда болуын көптен күтіп жүр. Жергілікті аңшы және балықшы Аслан Омаровтың айтуынша, баға қолжетімді болса, сұраныс жоғары.
«Менің ойымша, Атырау облысында киік етінің сұранысы өте жоғары болады. Мұнда оны жақсы біледі. Көп адам балалық шағында киік етінің дәмін татып көрген. Еті майсыз, диеталық әрі ерекше дәмі бар.. Бұл жай ет қана емес — бұл дала мәдениетінің бір бөлшегі. Егер оның заңды және ашық саудасына рұқсат берілсе, бәрі бір күннің ішінде сатылып кетеріне сенімдімін», — дейді ол.
Оның айтуынша, бағаны жоғары қою дұрыс емес.
— Киіктер фермада өсірілген жоқ, оларға ешкім қамқорлық жасаған жоқ, азық бермеді, емдемеді. Олар далада еркін өсетін жабайы жануарлар. Біз олардың күтіміне ештеңе салған жоқпыз. Ендеше, баға неге сиыр етінің деңгейінде болуы керек? 2 200–2 500 теңге — тым қымбат. Менің ойымша, баға 1 200–1 500 теңге аралығында болғаны дұрыс. Сонда адамдар оны жеп көруге мүмкіндік алады, бұл тек таңдаулы адамдарға арналған деликатес болмайды. Оның үстіне, мемлекет санын бақылауды қолға алған болса, бұл қарапайым халыққа да пайда әкелуі керек, — деді аңшы.
Айтпақшы, 2023 жылы Атырауда киік етін заңсыз, құжатсыз сататындар болды. Апта басында оның бағасы 1 500 теңге болса, сұраныс көп болған соң 1 700 теңгеге дейін көтерілді.
Киік еті супермаркеттер мен базарларда тұрақты өнім болып кете ме — уақыт көрсетер. Қазіргі кезде табиғатты сақтау, фермерлердің мүддесі мен тұтынушылардың сұранысы арасындағы мәселе әлі шешілмеген күйінде тұр.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау 0