
Атыраудағы бұрынғы McDonald’s мейрамханасының (қазір "I'm" брендімен жұмыс істейді) ғимаратына иелік ететін "АТЦ-Галерея" ЖШС әкімдікпен ұзаққа созылған сот дауынан кейін жер учаскесі мен ғимарат иесі құқығын сақтап қалды. Тараптар бітімгершілік келісіміне келді, оны Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты бекітті.
Дау-дамайдың төркіні әкімдіктің мейрамхана орналасқан жерді сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану талабында болды. Егер талап қанағаттандырылса, компания ғимараттан айырылып, кәсіпорын жұмысын тоқтатуға мәжбүр болар еді.
АЖ бұған дейін хабарлағандай, қоғамдық тамақтану нысаны заң бұзушылықпен сатылған жерлерді қайтару туралы үлкен істің бір бөлігіне айналды, бірақ бұл жағдайда компания барлық құжат заңға сай деді.
Компания Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасынан қолдау сұрады. Іс Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысында қаралды. Нәтижесінде, тараптар ымыраға келіп, шешім табылды.
— Атырау қаласының әкімдігі бизнестің мүддесін ескеріп, біздің дәлелдерімізге құлақ түрді. Нәтижесінде мәселе кәсіпкердің пайдасына шешілді. Бұл сақталған инвестициялар, жұмыс орындары, салықтар мен тұрақтылықты білдіреді, — деп өңірлік Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаев түсіндірді.
Егер сот әкімдіктің жағына шығып, жерді сатып алу-сату шартын жарамсыз деп таныса, "АТЦ-Галерея" ЖШС өз қызметін тоқтатуға мәжбүр болар еді. Онда мейрамхана жұмысы толық тоқтап, 70-тен астам қызметкер жұмыссыз қалар еді және 6 миллиард теңгеден астам инвестиция құмға сіңген судай болып кетер еді.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау 0