Алдағы жексенбіде Ресей астанасының жаңа мэры сайланады. Саяси науқан қарсаңында, сарапшылар соңғы болжамның нәтижесін жария етті.
Мәселен, қоғамдық пікірді зерттеу жөніндегі бүкілресейлік орталықтың жүргізген сауалнамасы бойынша, мәскеуліктердің 62,2 пайызы қазіргі шаһар басшысы Сергей Собянинге дауыс бергелі отыр.
Оппозиционер Алексей Навальныйды электораттың тек 16 пайызға жуығы қолдауы мүмкін. Ал бірқатар саяси партиялардың атынан сынға түсетін өзге 4 кандидаттың көрсеткіштері тіптен аз.
30 тамыз күні жүргізілген соңғы зерттеу бойынша, сайлауға халықтың 48 пайызы қатысуы мүмкін. Бұған дейін де бірнеше мәрте сайлаудың барысына болжам жасаған мамандар, зерттеу нәтижелерінің ұқсас екенін айтуда.
Валерий Федоров, Қоғамдық пікірді зерттеу жөніндегі бүкілресейлік орталықтың бас директоры:
- Тұтастай алғанда сайлау компаниясы басталғанда мәскеуліктердің көңіл-күйі қандай болса, қазір де сол қалпында. Осы уақытқа дейін саяси науқанның нәтижесіне әсер ететіндей қатты бір өзгеріс байқалған жоқ. Сондықтан болжам бойынша сайлаудың тек алғашқы туры өтеді және оның қорытындысы бойынша қазіргі қала басшысы Сергей Собянин жеңіске жетеді, деген қорытынды жасауға болады.
Дереккөз: kaztrk.kz
3 қыркүйек 2013, 18:13