Атырау, 6 желтоқсан 14:53
 бұлттыВ Атырау 0
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Құрманғазы ауданында түйелер ​белгісіз індеттен қырылып жатыр

756 рет қаралды

Құрманғазы ауданында ойсылқара тұқымына зобалаң туды. Жергілікті тұрғындар ақ адал малы-түйелердің белгісіз індеттен қырылып жатқанына дабыл қақса, ал мамандар малдың неден өлгенін анықтай алмай дал болуда. 

Түйелер әсіресе аудандағы Еңбекші, Дыңғызыл, Мақаш ауылдарында көптеп өліп жатқан көрінеді. Тұрғындардың айтуынша өткен жылы да түйелердің өлуі орын алыпты. 

- Биыл тағы қайталанып отыр. Менің бес аналық түйем, екі ботам арам қатты. Осы ауылда көптеген адамдардың түйесі өліп жатыр. Енді малдың неден өлгенін, диагнозын анықтай алмай отыр. Бұл жұқпалы аурудан ба, басқадан ба, осыны анықтап, шарасын алсыншы, - дейді Дыңғызыл ауылының тұрғыны Фазилия ҚАБДОЛОВА

Соңғы айдың өзінде 50-ге жуық түйе өліп, тұрғындар зор шығынға батқан. Жергілікті адамдардың айтуынша ветеринарлар малдың неден қырылып жатқанын анықтай алмауда екен. Аудандық әкімшілік мен ветеринаралар қырылған малды залалсыздандырып, көміп шарасын алуда. 

- Жұқпалы емес ішкі аурулардан 204 түйе ауырып, симтоматикалық ем жүргізді. Нәтижесінде 84 бас түйе өлді. Сонымен бірге 47-не емдеу шаралары жүргізілсе, ал 73 бас түйе сауықты. Кәсіпорын жеке және заңды тұлғаларға профилактикалық мақсатта эдно-эктопаразиттерге қарсы дезинфекциялық жұмыстар жүргізу қызметін көрсету міндетіне жатпайтынын қаперге берді. Бірақ ветеринариялық пункттің мал дәрігерлері келіп түскен шақыртуларға уақтылы барып, тиісті деңгейде көмек көрсетуде. Атырау облысы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы, ветеринария (паразитолог, эпизотолог) ғалымдарын шақыртуға хат жолдады, - дейді Құрманғазы аудандық ветеринариялық станса  ШЖҚ коммуналдық мекемесінің басшысы Жеткеншек ҚАЛИҰЛЫ

Аудан әкімі Абат ЖАНҒАЛИЕВ мамандарды күтіп отырғанын, егер мал жұқпалы ауруға жатқызылмаса, мал иесі ақылы түрде сараптама жасай алатынын айтты. "АЖ" ойсылқараны ойсыратып жатқан аурудың неден туындап отырғаны анықталысымен қосымша хабардар ететін болады. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

17 шілде, 16:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.