
Нұрсая және Өркен ықшамаудандарындағы екі емхана құрылысының құны 6,7 миллиард теңгеден 17,9 миллиард теңгеге дейін өсті.
Нұрсаядағы емхана №16 көше бойында, Бином мектебінің жанында орналасқан. Ал Өркендегі нысан №43 көше, 21-мекенжайында салынып жатыр. 250 адамды қабылдай алатын емханаларда келушілерге арналған күту бөлмесі, дәрігерлік практика бөлімшесі, күндізгі стационар, оңалту және профилактика бөлімшелері, әлеуметтік-психологиялық көмек, сәулелік диагностика және консультациялық-диагностикалық көмек бөлімшелері секілді заманауи кабинеттермен жабдықталады.
Бағадан бөлек, құрылыс мерзімдері де өзгерді. Бұған дейін объектілерді 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған болатын. Енді Нұрсаядағы емхананы 2025 жылдың соңында, ал Өркен ықшамауданындағы емхананы 2026 жылдың алғашқы жартысында тапсыру көзделіп отыр. Себеп — жобаларға енгізілген өзгерістерге байланысты жұмыстардың уақытша тоқтатылуы. Белгілі болғандай, құрылыс 2025 жылдың сәуірінде қайта жанданған.
Мердігер ретінде «Бекболатовтар Құрылыс Компаниясы» ЖШС таңдалған. 2023 жылы жалпы сомасы 6,7 млрд теңгеге екі жоба бойынша келісімшарт жасалды: Нұрсаядағы нысанға — 3,4 млрд теңге, Өркен ықшамауданына — 3,3 млрд теңге.
Кейінірек Құрылыс басқармасы жаңа мемлекеттік сатып алулар жариялап, қосымша қаражат сұрады: Нұрсая үшін — 5,6 млрд теңге, Өркен үшін — 5,5 млрд теңге. Осылайша, жобаның жалпы құны екі есеге жуық қымбаттаған.
Құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың айтуынша, түзетулер медициналық жабдықтар тізімінің кеңеюіне байланысты жасалуда:
– Денсаулық сақтау басқармасының сұранысына сәйкес, жобалық-сметалық құжаттарға өзгерістер енгізілуде. Жобаның нақты сомасы барлық түзетулер аяқталған соң белгілі боладыы, – деп мәлімдеді ол.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
В Атырау 0