
15 шілде күні Атырау облысына жұмыс сапарымен келген Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов Исатай ауданының орталығы — Аққыстау ауылында болды. Сапар аясында ол құрылысы 2019 жылдан бері тоқтап тұрған үш қабатты, 60 пәтерлік 3 тұрғын үйді аралап көрді.
Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, бұл нысандарға 2,3 млрд теңге көлемінде қаржы жұмсалғанымен, сапасыз құрылыс салдарынан қабырғаларда жарықтар пайда болып, нысандар апатты деп танылған. Осы себепті құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылған. Қазіргі таңда тек ғимараттардың қаңқасы ғана тұр, ал ішкі әрлеу, инженерлік жүйелер мен абаттандыру жұмыстары мүлде жүргізілмеген.
Кездесу барысында жергілікті тұрғындар мен әкімдік өкілдері бұл тұрғын үйлердің аяқталуы әлеуметтік тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін аса маңызды екенін атап өтті.
Ерболат Саурықов мәселенің маңыздылығын айта отырып, оны шешу үшін жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеу қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар, ол құрылыстың жағдайына нақты баға беру үшін "ҚазҚСҒЗИ" АҚ-ның (Қазақстан құрылыс ғылыми-зерттеу және жобалау институты) сарапшыларын тартуды ұсынды.
— Бұл тек Аққыстау немесе Исатай ауданының мәселесі емес. Бұл — бүкіл облыс халқы үшін маңызды, өңірдің дамуына әсер ететін жоба. Жағдайды толық зерттеп, нақты шешім қабылдау қажет, — деді депутат.
Депутат бұл нысандардың тағдыры өзінің жіті бақылауында болатынын және қажет болған жағдайда Мәжіліске депутаттық сауал жолданатынын атап өтті.
В Атырау 0