
Құрманғазы ауданы Азғыр өңіріндегі «Сүйіндік қой зауыты» ЖШС мен жергілікті шаруалар арасында жер телімдеріне байланысты дау бірнеше жылдан бері шешімін таппай келеді.
Жалпы Сүйіндік ауылдық округіне 55 шаруа қожалығы тіркелген. Бұл сан алдағы уақытта өсуі де мүмкін, жер жоқтықтан шаруа қожалығын құра алмай отырғандар бар көрінеді. Себебі көп жер бөлігі «Сүйіндік қой зауыты» ЖШС-не беріліп кеткен. Сол себептен ұлтарақтай жерге зәру болып отырғандар жетерлік, ал кейбір шаруашылықтар мал өсіміне байланысты жер көлемін ұлғайтқысы да келеді. Бірақ жер тапшы.
- Кезінде «Сүйіндік» асыл тұқымды совхоз тарап кеткеннен кейін шамамен 150 мың гектар жер кәсіпкер В. Розметовтың («Сүйіндік қой зауыты» ЖШС) иелігіне өтіп кетті. 2015 жылы артық жер телімін қайтару жөнінде мәселе көтеріп, сол кезде кәсіпкерге ескерту беріп, айыппұл төлетумен шектелді. Кейін облыстық жер қатынастар басқармасы «Сүйіндік асыл тұқымды» ЖШС-ін Атырау облыстық ауданаралық экономикалық сотқа бергенімен мәселені дұрыс дәлелдей алмай талабы қанағаттандырусыз қалдырылды. Бірақ ЖШС кейін 20 мың гектарды мемлекет меншігіне қайтарды. ЖШС-нің 14 қыстағы бар, соның 10 нүктесі ғана жұмыс жасап тұр. Бірақ жерлерінің мемлекеттік актысы (госакт) жасалмаған. Сұрасақ көрсете алмай отыр. Мал басын да азайтып алды, сол себептен игерусіз жатқан жер телімін мемлекет меншігіне қайтаруы керек. себебі, жергілікті жер таппай отыр. Бұл жерде аудандық әкімдік те неге екенін білмеймін дәрменсіздік танытып отыр,-дейді аудандық Мәслихаттың депутаты Мансур ҚУАНЫШАЛИЕВ.
«Жер дауы-жесір дауы» демекші жер телімдерінің дауы шабындықтың азайып, мал азығының күрт қымбаттауына әкеліп соқтыруда. Оның үстіне өткен жылғы қуаңшылықтың әсерінен бір орам шөп құны шарықтап, әрбіреуі 15 мың теңгеге дейін жетті. Азғыр өңірі халқы малмен ғана күнелтіп отырғандықтан өңірге төтенше жағдай жариялау жөнінде шаруалар облыстық әкімдік ғимаратының алдына барып наразылық танытты. Сол кездегі облыс әкімінің міндетін атқарушы Жасұлан БИСЕНБИЕВ шұбырған шаруаларды ТЖ жарияланатынын айтып өтірік уәдемен шығарып салған болатын. Бұдан кейін де облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВ те бұл мәселені шеше алмады. Ал Азғыр өңіріне көршілес Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданы қуаңшылыққа байланысты ТЖ жариялаған болатын.
«АЖ» тілшісіне «Сүйіндік қой зауыты» ЖШС-нің бас директоры Владимир РОЗМЕТОВ мынадай түсініктеме берді:
- Күні бүгінде біздің қожалықта 8 мың қой, 150 түйе, 100 жылқы бар. ЖШС қарамағында 75 адам жұмыс жасайды, олар жергілікті тұрғындар. Бұдан 2 ай бұрын облыстық Жер қатынастар бақармасы және аудан әкімімен кездесе отырып, ерікті түрде 50 мыңнан астам гектар жерді мемлекет меншігіне беруді ұйғардым. Енді қалған 80 мың гектар ЖШС иелегінде. Мал басымен есептегенде бұл жер біз үшін аз. Оның ішінде «Айтмағамбет» шабындық жері бар, соған көз тігіп отыр. Жауын-шашын түскенде ғана шабындық жерден мал азығын дайындай аламыз, ол да бірде болса, бірде болмай жатады. Себебі ол табиғатқа байанысты, кейде қуаңшылық болуы мүмкін, онда ол жерден шөп дайындай алмаймыз. Жерге мемлекеттік акт алмаған дейді, бұрынғысы (ескісі) қолымызда бар, ал жаңасын жасатуға аудандық әкімшілік қаржы бөлуі тиіс. Қайтарылған жерді әлі күнге дейін рәсімдей алмай отыр.
Ал аудан әкімінің орынбасары Марат ХАСАНОВ қайтарылған жерді рәсімдеуге бюджеттен қаржы қаралмағанын, енді өз есебінен кәсіпкер төлейтін болып шешіліп жатырғанын айтты. Депутат Мансур Қуанышалиев қайтарылған жер телімдері қай жерде екенін жергілікті халыққа әлі таныстырылмағанын жеткізді.
Аудандық әкімдіктің бірдейлендіру дерекқор базасында «Сүйіндік қой зауыты» ЖШС бойынша:
- Жылқы 59 бас х 216 га=12744 га
- Қой 11301 бас х 3,6 га=40683,6 га
- Түйе 262 бас х 25,2=6602,4 га.
Жалпы 60 030 гектар жер болуы керек, бірақ 2024 жылы кәсіпорынның қолында 80 263 гектар жер бар. Соңғы екі жылда олар 73 мың гектардан астам жерді қайтарған немесе қайтаруды жоспарлап отыр (2023 жылы 20 мың, 2024 жылы 53 737 гектар).
Алайда, жер ресми түрде қайтарылғанымен, адамдар оны пайдалана алмай отыр. Құжаттары жоқ, жер учаскелері көрсетілмеген, қолжетімділік жоқ. Мемлекеттік органдар мен кәсіпкер бір-біріне сілтеп отыр. Ал фермерлер малдарының аштықтан әлсіреп бара жатқанын қарап қана отыруға мәжбүр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау 0