
Атырау қаласындағы екі жағажайда шомылу маусымына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қаланың орталығында орналасқан жағажайлардың түбі облыстық төтенше жағдайлар департаментінің сүңгуірлерімен тексерілді. Қазіргі уақытта жағажай аумақтарында тазалау және көгалдандыру жұмыстары басталды.
Қала әкімдігінің мәліметінше, «Алладин» мейрамханасы маңындағы (Малибу) жағажай жеке кәсіпкер Жомарт Ахмановқа, ал «Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешені жанындағы жағажай «NA Pallet Group» ЖШС-не он жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға берілмек.
- Қазіргі уақытта сенімгерлік басқаруға беру бойынша жеңімпаз тараптармен келісімшарттар жасақталып жатыр. Бұл процесс аяқталған соң жағажайлар абаттандырылып, тұрғындарға қауіпсіз әрі қолайлы демалыс орны ретінде пайдалануға беріледі. Жаңа маусымда санитариялық талаптарға сай жағдай жасалып, қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Сондай-ақ демалушылар үшін инфрақұрылым мен ойын-сауық нысандары да қарастырылады, - деді қалалық Қаржы бөлімі басшысының орынбасары Гүльжан Құлбаева.
Әкімдіктің хабарлауынша, жағажайларды жеке басқаруға беру арқылы олардың қызмет көрсету сапасы артып, тұрғындар үшін жайлы демалыс аймағы қалыптасады.
Айта кетейік, бұл жағажайлар бұған дейін де жеке басқаруда болған. Алайда былтыр бір кәсіпкер өз еркімен, ал екіншісі сот шешімімен келісімнен бас тартып, жағажайлар коммуналдық меншікке қайтарылған болатын. Салдарынан биыл жаздың ортасына дейін жағажайларды басқаруға ниетті кәсіпкер табылмай, нысандар жабық күйде тұрды. Бұл жағдайға байланысты тұрғындар жағажайлардың дер кезінде ашылмағанына наразылық білдірген еді.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
В Атырау 0