
Атырау облысы аумағында жолдардың жағдайын және жүк көліктерінің шамадан тыс жүктелуін бақылауға үш жерге автоматтандырылған салмақ өлшеу станциялары (АСИ) орнатылды.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Бұл кешендер тұрғындардың ұсыныстары негізінде жүзеге асырылып, мына жерлерде орналасқан:
- Индер ауданы, Жарсуат ауылдық округіндегі «Құрайлы-Сай» каналының тұсында;
- Индербор кентіне кіреберістегі 7 шақырымдық жол бойында;
- қалаға кіреберіс жердегі «Соколок» каналы маңы, Бесікті бағыты бойынша орналасқан полиция бекеті аумағында іске қосылды.
Жүйе көлік құралдарының жалпы салмағын, сондай-ақ әр оське (дөңгелек қатарына) түсетін жүктемені автоматты түрде тіркейді. Бұл ауыр жүк көліктерінің қозғалысын нақты бақылауға, сондай-ақ жол жабынының мерзімінен бұрын бұзылып, тозуының алдын алуға мүмкіндік береді.
– АСИ – көлік салмағын өлшеудің заманауи әдісі. Құрылғылар облыстағы жол инфрақұрылымын сақтау және көлік саласындағы заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытында маңызды рөл атқарады. Қазір мұндай құрылғылар республикалық маңызы бар жолдармен қатар облыстық деңгейдегі негізгі бағыттарда да орнатылуда, – деді облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының м.а. Ержан Хайноллаев.
Жоба Мемлекеттік тапсырма аясында өңір әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.
В Атырау -1